Итмұрын өсімдігінің емдік қасиеті
Итмұрын – раушангүлділер тұқымдасына жататын жапырақ тастайтын көпжылдық өсімдік. Биіктігі – 2 метр, бұталары тікенекті, табиғатта таулы-тасты жерлерде, беткейлерде, орманды су жағалауында, Қазақстанның барлық тау бөктерлерінде өседі. Халық арасында итмұрынның "жабайы раушан" деген атауы кеңінен тараған. Итмұрынның гүлі ақ, қызғылт сары түсті. Маусым-мамыр айларында гүлдейді, жемісі тамыз, қыркүйек айларында піседі. Жемісі сопақша келген жылтыр, түсі қызғылт сары немесе қызыл болады.
Итмұрынның ерекшелігі – бағалы дәрумендерге бай. Жемісі және одан дайындалған дәрі-дәрмектер асқазан, бауыр ауруларын емдеуге қолданылады. Гүлдері шай орнына пайдаланылады, күлтелерден дайындаған эфир майлары парфюмерия өндірісінде қолданылады.
Итмұрынның құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің жартысы бар. Аскорбин қышқылына өте бай, сонымен қатар В, К, Е дәрумендері және каротин, қант, пектинлер, органикалық заттар, микро және макроэлементтер бар. Бұл өсімдіктің пайдасын ресми және балама медицинаны жақтаушылар да мойындады.
Итмұрынды күздің соңғы айларында, аяз түсе бастаған уақытта жинаған дұрыс. Жиналған жидектерді жақсылап жуып, шайып кептіру керек. Тамырларын алғашқы қар түскен кезде қазған дұрыс, жас тамырларының пайдасы жоқ, жетілген тамырларын жинап алу керек.
Итмұрынның тек жидектері ғана емес, оның жапырақтары, бұтақтары, тамырлары да пайдалы. Гүлінде эфир майлары болса, жапырақтарында С дәрумені бар. Тамырын турап, бір ас қасығын жарты литр суға 10 минут ақырын қайнатып ішсе, бойдағы зат алмасуды реттейді. Жұмыс қабілетін арттырады, қан құрамын жақсартады, түрлі жаралардың жылдам жазылуына ықпал жасайды. Сонымен бірге өтті айдайтын, зәрді жүргізетін, іш өтуін тоқтататын, туберкулездің алдын алатын, тәбетті ашатын қасиеті бар дәрі десе де болады.
Дегенмен қолдануға қарсы көрсеткіштері де бар. Гастритпен ауыратын адамдар бұл жидекті барынша азайтуы керек, тіс эмаліне де кері әсері бар. Сондықтан итмұрын суын таза сумен араластырып ішіп, қабылдағаннан кейін ауызды міндетті түрде шаю керек. Сондай-ақ тромбозға бейім, қан қысымы бар адамдар мейлінше аз мөлшерде пайдалану керек, әйтпесе қан қысымын төмен түсіріп жібереді. Осы жемісі бар сусынды шамадан тыс пайдаланса, бауырға әсер етеді, іш қатуы пайда болуы мүмкін. Сондықтан итмұрынды пайдалану мөлшерін білген жөн.
М. ХАКИМОВА,
медицина саласының ардагері