Ұлттық құндылық жоғары тұрады
Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттары кең көлемде насихатталуда. Арал аудандық филиалға қарасты барлық бастауыш партия ұйымдарында қарқынды түрде партияластар Елбасының жас ұрпаққа үндеуін өте жақсы қабылдауда.
Әрбір құндылыққа жіті тоқталып, Сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Тұңғыш Президентіміз, бірінші қағидатты – тәуелсіздікті сақтау жөніндегі қастерлі құндылыққа назар аудартуда. Себебі, отаршылдық заманның тауқыметін тартқан қазақ үшін тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ. Дамыған елдер мойындаған тәуелсіз еліміз болған соң, біз "мен қазақпын" деп кеуде ұрып айта аламыз.
Елбасы екінші қағидат ретінде бірлігімізді айтқан. Интернет желісінде алыс-жақын елдердегі ұлттар қақтығыстарын көріп, тіпті жаға ұстатарлық жағдайға да куә болып жүрміз. Ал біздің елімізде 130-дан астам өзге де ұлт өкілдері бейбітшілік пен татулықта өмір сүруде. Біз бұл тұрғыдан әлемге үлгі көрсете алдық.
Әлемде тоғызыншы орынға ие еліміздің әрбір ұлтарақтай жері қымбат. Елбасы өз сөзінде "Найзаның ұшымен, білектің күшімен келген жеріміз – ата-бабамыз мирасы, халық қазынасы" деген болатын. Жеріміз бен тәуелсіздікті қорғау – әрбір қазақ үшін маңызды.
Тұңғыш Президентіміз тоқталған төртінші дүние – салт-дәстүр және отбасылық құндылық. Батысқа еліктеп, отбасы құндылығы туралы түсініктің өзгеріп, өзгеше келбетке еніп жатқанын бәріміз көрудеміз. Алдағы уақытта елдіктің маңызды тірегі саналатын осы институттың деңгейін көтеру үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет.
Бесінші және алтыншы қағидаттар бойынша, яғни ұлттық мәдениет пен білімге құштарлықты дамытсақ, елдігіміздің тұғырлы болатыны сөзсіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткен прагматизмге басымдық беру арқылы тәуелсіздігімізді нығайтып, ел болып ілгері жылжитындығымызға сенемін.
Т. ҚАНАТОВ,
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары