Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Жазғы лагерь жұмысын бастады

Жазғы лагерь жұмысын бастады

Жаз келсе бала біткеннің шаттанып, қуанышқа кенелетіні бар. 1 маусым келгелі көңілі алаң балалар үшін жазғы тынығу және сауықтыру жұмыстарының барлығы басталып та кетті. Осы мезгілмен бастау алатын «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығындағы балаларға арналған жазғы тынығу лагері де балаларға есігін айқара ашты.
Бүгінде «Қамбаш» жазғы тынығу лагері биылғы жылы 7 ауысым бойынша 1000-нан астам баланы жазғы демалыспен қамтиды. Ал бүгінгі тынығу лагерінің алғашқы легінде 130 бала қабылданды. Демалыс орнында балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес робототехника, ағылшын, орыс тілдерінің үйірмелері, спорттық-әскери клубтар, суда жүзу және ән, би, сурет үйірмелері жұмыс жүргізеді. Әрбір тынығушы өздерінің қалаған үйірмелеріне барып, өз уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуіне жағдай жасалған.
Жазғы маусымды жайдары өткізуде балалар үшін таптырмас мекенге айналған орталықтағы шарада тәрбиеленуші жас өрендер өз өнерлерін ортаға салып, мың бұралған бишілер мен жезтаңдай әншілер көрермендер көзайымына айналды.
Балғындардың дәстүрлі қуаныш мерекесіне аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып:
– Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы да, келешектегі келбеті де – Өздеріңіз! Сондықтан да Сіздердің Тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасауға барынша еңбек ететін боламыз. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарыңыз Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық, елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңыздар! Әрдайым мерейлеріңіз үстем болып, барлық арман-мақсаттарыңыз орындалсын, – деп жылы лебізін жеткізді.
Сонымен бірге Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева қатысып, балалардың жазғы маусымда қызықты демалыс өткізуіне тілектестік білдірді.
Мерекелік шара барысында Серік Сағитжанұлы орталық қызметін көріп, жас қолөнершілердің дайындаған туындыларын тамашалады. Сондай-ақ тынығу лагеріндегі балаларды жан-жақты дамыту бағытындағы атқарылып жатқан бастамалармен танысты.
Мұнан соң аудан басшысы және құрметті қонақтар тынығушылармен бірге кешкілік алау отын тұтандырып, естеліктерімен бөлісіп, жасөспірімдермен бірге ән шырқады. Мерекенің соңы әсерлі от шашумен аяқталды.

«Толқын» ақпарат
---
09 маусым 2023 ж. 358 0