Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қамбаш" жазғы тынығу лагері салтанатты түрде ашылды

"Қамбаш" жазғы тынығу лагері салтанатты түрде ашылды

«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығындағы балаларға арналған жазғы тынығу лагерінің салтанатты ашылуы өтті.
Шарада орталық тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салып, мыңбұрылған бишілер мен жезтаңдай әншілер көрермендер көзайымына айналды.
Балғындардың дәстүрлі қуаныш мерекесіне аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып: «Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы да, келешектегі келбеті де – Өздеріңіз! Сондықтан да Сіздердің Тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасауға барынша еңбек ететін боламыз. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарыңыз Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңыздар! Әрдайым мерейлеріңіз үстем болып, барлық арман-мақсаттарыңыз орындалсын», - деп жылы лебізін жеткізді.
Сонымен бірге, Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева қатысып, балалардың қызықты демалыс өткізуіне тілектестік білдірді.
Мерекелік шара барысында Серік Сағитжанұлы орталық қызметін көріп, жас қолөнершілердің дайындаған туындыларын тамашалады. Сондай-ақ тынығу лагеріндегі балаларды жан-жақты дамыту бағытындағы атқарылып жатқан бастамалармен танысты.
Мұнан соң аудан басшысы және құрметті қонақтар тынығушылармен бірге кешкілік алау отын тұтандырып, естеліктерімен бөлісіп, жасөспірімдермен бірге ән шырқады. Мерекенің соңы әсерлі от шашумен аяқталды.
Атап өтейік, «Қамбаш» жазғы тынығу лагері биылғы жылы 7 ауысым бойынша 1000-нан астам баланы жазғы демалыспен қамтиды. Ал бүгінгі тынығу лагерінің алғашқы легінде 130 бала қабылданды.
Демалыс орнында балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес робототехника, ағылшын, орыс тілдерінің үйірмелері, спорттық-әскери клубтар, суда жүзу және ән, би, сурет үйірмелері жұмыс жүргізеді. Әрбір тынығушы өздерінің қалаған үйірмелеріне барып, өз уақыттарын тиімді, әрі қызықты өткізуіне жағдай жасалынған.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі 
06 маусым 2023 ж. 248 0