Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттыққа бөлеген шеру

Шаттыққа бөлеген шеру

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Арал қаласындағы орталық алаңда балалар және жас­тар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Жұмыр жердің ең кішкентай тұрғындарына арналған салтанатты шараға аудан басшысы М.Оразбаев қатысты.
– Біздің көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры, бола­шағымыз – сендерсіңдер. Сондықтан да, сен­дердің жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматы атануларыңа тілек­теспін. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жете­ле­сін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық, елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болың­дар. Әрқашан жүздеріңізден күлкі, жүректеріңнен мейірім кетпесін, – деп ізгі лебізін білдірді.
Атап өту қажет, республика көлемінде биыл үшінші мәрте қолға алынған іс-шараға қаладағы барлық мектеп, аудандық спорт, өнер мектептері мен оқушылар үйінің, қала балабақшаларының 1500-ден аса өнерлі жеткіншегі қатысты. Мұндағы мақсат – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында өскелең ұрпаққа салтанатты шеру арқылы эстетикалық және патриоттық тәрбие беру. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің музыкалық қабілетін дамытып, шығармашылығын қолдауға бағытталған.
Қаланы ән-күйге бөлеген мерекелік шеруде музыкалық ансамбльдер, халық аспаптары оркестрлері, барабаншылар, бишілер, сондай-ақ мажореткалар мен черлидерлер өнерлерін ортаға салды. Олар шағын композициялар ойнап, ата-аналарына тамаша әсер сыйлады. Жылдан-жылға жанданып келе жатқан шеру ауданда игі дәстүрге айналып келеді.
«Толқын» ақпарат
05 маусым 2019 ж. 754 0