Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Қолы жеңіл хирург

Қолы жеңіл хирург

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Мен де көзбен көріп, көңілге түйгенімді шынайы құрметке лайық жандарға осы жазбам арқылы шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Бір себептермен аудан орталығына барғанымда оң жақ бүйірім түйіліп ауырып, мазамды алды. Соқыр ішек дейін десем, осыдан бірнеше жыл бұрын соқыр ішекке ота жасатқанмын. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі, мол тәжірибесі бар білікті маман, ауданымыздың құрметті азаматы Әмірхан Жүсіпов бірнеше тексеруден өткізіп, бүйрек бойында тастардың барын анықтап, жүрегімнің әлсіздігіне байланысты облыстық ауруханаға барып, емделуге кеңес беріп, жолдамасын жазып берді.
Қызметтің қызығы мен қиындығы да қатар жүреді емес пе? Соларды көру арқылы адам баласы шыңдалады. Осы орайда барлығын байыппен қабылдап, жас та болса өз ісінің білгірі бірнеше шет елдерде тәжірибе жинақтаған облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімінде қызмет жасайтын Ысқақов Еркін Қонысұлының есімін атап өтуді жөн көрдім.
Емдеуші дәрігерім болғасын,оған емделушілердің пікірі, іс-тәжірибесі қалай деген ой туындайды. Әркімге көп сөзі жоқ, ойлы көзінен нұр шашып, жылы шырайланып адамға мейірлене қарағанда ауруыңнан сауыққан сияқтысың. «Аға, барлық тексеру қорытындысын жасадық, бүйрек-қуық бойларында бірнешеленген тас жиналып қалған, ертең ота жасаймыз, еш нәрседен уайымдамаңыз», –деп, көңілімді бірлеп қойды.
Дәрігердәрімен емес, жылы сөздерімен де науқастың еміне шипа болары хақ дегенді ойға түйдім. Отадан сәтті шықтым, бірнеше тастарды қолыма салып беріп тұрып, "аға, уайымдамаңыз мұндай науқастар үлкендерде, орта жастарда да жиі болып тұрады. Тек өзіңізге күтім жасаңыз" деген жылы шыраймен айтқан сөздері ойда қалды. Мен де оны сөзге тарта бастадым. "Азанда ерте келіп, науқастардың хал-жағдайын білесіз. Жұмыс 8-де басталады, 8-де келмейсіз бе?" деп әдейілеп сұрағанымда:
– Жалпы хирургтің қолы нәзік, көзі бүркіттей қырағы, жүрегі арыстандай айбатты болуы керек деген сөз бар. Оған қосарым, сөзі дұрыс болуы керек. Әрбір дәрігер науқаспен тіл табысып, сөйлесе алуы қажет. Хирург болу өте қиын. Адамның көңіліне қарау, онымен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермейді, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адамның өміріне жауапты боласың. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Басқа салаларға қарағанда хирургия саласының салмағы өте ауыр. Азанда ерте келетінім де сондықтан, – деп қысқа қайырды.
Сәл шегініс жасап, осы жігіттің өміріне көз жүгіртсек. Еркін баламыз 1986 жылы10 маусым күні Қызылорда қаласында дүниеге келген. №8 П.Д.Осипенко атындағы орта мектепті 2003 жылы бітіріп, сол жылы Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетіне оқуға түсіп, 2010 жылы хирургия мамандығы бойынша бітіреді. 2011 жылы Алматыда уролог мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтеді. 2015 жылы «Болашақ» стипендиясын ұтып, Израиль мемлекетінде 6 ай оқиды. 2018 жылы Оңтүстік Корея, 2019 жылы Жапония мемлекеттерінде тәжірибе алмасады. Оқыған білімін шет елдерде тәжірибе алмасумен ұштастырып, бүгінгі таңда өмірде алған тәжірибесін халыққа көрсетіп, елдің алғысын алып жүргеніне іштей ризашылығымды білдірдім. Урология бөлімінің меңгерушісі Валишаев Исахмет Жаркенұлының пікірін білейін деп сұрағанымда:«Еркін өз ісінің білікті ізденімпаз, ортаға сыйлы, келешегінен көп үміт күттіретін маман, біз осыған қуанамыз»,– деді жылы шырайлана. Осыған орай қолдары жұмсақ, сөздері майда аяжандар Бердалиева Серікгүл, Телгозиева Айгерім де емделушілердің алғысын алып жүрген өз мамандықтарының иелері. Өз ісіне тиянақты, жауапкерішілігі жоғары маман. Расында үлкен құрметке лайық.
Сөзімді қорытындылай келгенде, халыққа адал қызмет еткен, адамгершілігі биік, елдің алғысын алып, абыройға бөленген жандардың еңбегін оқырман қауымға айту –менің үлкендік міндетім. Оларға алғысымды білдіре отырып, келешектерің келісті, еңбектерің жемісті болсын демекпін.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық
ардагерлер кеңесінің төрағасы
---
25 шілде 2023 ж. 1 094 0