Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғысқа лайық жан

Алғысқа лайық жан

Жасым жетпіске келгенде 2 рет жүрек қыспасына ұшырап, облыстық аурухананың кардиология бөлімінен бір-ақ шықтым.  Бөлім меңгерушісі Гүлсім Балтабайқызы қабылдап алып, шұғыл түрде тексеру жасатты. Тексерудің қорытындысы бойынша жүрек тамырларының бітелуі, қан айналымы қиындауын анықтап шұғыл түрде ота жасатуға кеңес берді. Ота жасаған эндоваскулярлы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Тоқтағанұлының қолы өте жеңіл екен.
Білікті дәрігердің кәсіби шеберлігі мен ұзақ жылдағы тәжірибесінің арқасында ота жеңіл әрі сәтті өтті. Оған алғысым шексіз. Отадан кейінгі емделуді кардиология бөлімінің меңгерушісі, білікті дәрігер Гүлсім Балтабайқызы өз қолына алды. Бөлімде 45 орын, яғни 45 ауру. Ауруларға көмек көрсеткен 8 дәрігер, 16 аяжан және бірнеше тазалықшылар бар. Үлкен бір ұжым.  Әр науқастың мінезі әртүрлі. Олармен тіл табысу, көңілінен шығып емдеу, үлкен бір бөлімді басқару, істен шашау шығармау оңай шаруа емес. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді дегендей, басшысына қарап түгел ұжым бойын тіктейді. Өз қызметіне лайық болуға ұмтылады.
Осы ретте білікті дәрігер облыстық кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Балтабайқызының  еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Дәрігер дәрімен емес, жылы сөздерімен де науқастың еміне шипа болары хақ. Аурудың беті қайтып сауыққаннан кейін Гүлсіммен әңгімелескенімде:
– Балам, күнделікті азанғы тексеруді 7.30-да бастайсыз ба? – деп сұрадым.
– Негізі 9.30-да бастауым керек. Бірақ ол уақытты күте алмаймын. Себебі, емделуші науқастар мені тағатсыздана күтеді. Жағдайлары қалай екен деген ой маған түнімен маза бермейді. Сол себепті күнделікті үйден 6.30-да шығамын. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, осыған  дағдыланғанмын, – деп жауап қатты.
Гүлсім Балтабайқызы Біржаппарова мектепті тәмамдаған соң адам жанының арашасы болсам деген бала арманымен 1991 жылы Қарағанды Мемлекеттік медицина академиясына емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1997 жылы дәрігер квалификациясын алып шығады. 1997-2009 жылдар аралығында облыстық аурухананың реанимация бөлімшесінде дәрігер-анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істейді. Ал 2009-2013 жылы кардиология №1 бөлімінің дәрігері, ал 2017 жылдан бастап, осы күнге дейін бөлім меңгерушісі болып жұмыс атқарып келеді. Осы жылдар ішінде қанша науқастың өмірін сақтады. Қанша жанға көмек қолын созды, қуанышқа бөледі.
Бүгінде халықтың алғысын арқалаған дәрігер жары Ерлан екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр. Ауруханадан шығар кезде:
– Қызым, Арал ауданынан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде тұрамын. Мүмкіншілік болса жағдайымды, күнделікті пайдаланып отырған дәрілерімнің әсер етуі жөнінде телефонмен сұрап тұрсам бола ма? –  деген сауалыма: 
– Ағай, оған ешқандай қысылмаңыз, мен қай уақытта болмасын кеңесімді беремін, – дегенде мен де, палатада емделіп жатқан науқастар да жүздері шырайланып, ризашылықтарын білдірді. Адам жанының арашасы осындай болуы керек деген ой түйдім. Уақытпен санаспай науқас адамдарға қол ұшын созып емдеп жүрген №1 кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Біржаппароваға Алғыс айту күніне орай ризашылығымды білдіремін. Ол басқарып отырған ұжым мүшелеріне келешектерің келісті, еңбектерің жемісті болсын демекпін.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы
03 наурыз 2022 ж. 883 0