Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Бәрекелді! Жеңіс Жәнібекте...

Бәрекелді! Жеңіс Жәнібекте...

«Бұл – қазақ стилі, біз оны тарихта қалдырғымыз келеді. Алғашқы сәттен осы тактиканы таңдадық. Қарсыласымның бірден шабуыл жасамайтынын білдік. Ол менің шаршаған сәтімді күтті. Сол сәтте шабуылға көшуге ниет білдірді. Бірақ мен жекпе-жекке тыңғылықты дайындалдым. Қазір менде екі нұсқа бойынша чемпиондық атақ бар. Ендігі кезекте дивизиондағы бүкіл төрт белбеуді жинағым келеді. Оны Top Rank ұйымдастырса, мен оған дайынмын».
Бұл қазақтың көк туын иығына жамылып тұрып, жеңіс тойын тойлаған сәттегі кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жектен кейінгі сөзі. Осы бір ауыз сөз бүкіл қазақ елінің беделін тағы бір мәрте көкке көтеріп, ерекше серпіліс алып келгендей болды. Расында күрсі жұдырықтың, жойқын соққының иесі бокс әлемінде есімін алтын әріппен қалдырған талай былғары қолғап шеберлерінің лайықты жалғасы деп тек қазақ емес, бүгінде әлем халқы мойындаған. Оған жексенбідегі жекпе-жекте көзіміз анық жетті. Кәсіпқой бокстың отаны саналған АҚШ-та, Техас штанында өткен бокс кешіне жиналған әлемнің спортсүйер қауымының «Жәнібек, Жәнібек» деп қолдау көрсетуі осының боямасыз көрінісі.
Қарсыласы да осал емес. Әлем чемпионы. Орта салмақта IBF нұсқасы бойынша белдіктің иесі атанған германиялық мықты Винченсо Гуалтьери болатын. 12 раундтық төбелеске барынша машықтанған неміс боксшысының физикалық дайындығы соңғы кездері көпшіліктің ауызына жиі ілігіп жүрген еді.
Қос боксшының да көрсеткіштері өте жоғары. Отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы осы уақытқа дейін 14 рет кәсіпқой бокстың шаршы алаңына көтеріліп, барлығында жеңіске жетсе, соның 9-ын нокаутпен аяқтаған болатын. Тиісінше Винченсо Гуалтьери де жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген. Жәнібекпен жұдырықтасамын дегенше 21 қарсыласынан басым түссе, 1 рет қана тең тарқасқан. Ал соңғы 6 жекпе-жекті қатарынан жеңіспен аяқтаған неміс спортшысы да лайықты қарсылас деп танылды. Жанкүйерлер қос шеберден нағыз тартысты бәсеке күтті.
Ойын көпшіліктің күткеніндей басталды. Алғышқы раундта бірін-бірі аңдысып, қателіктерін пайдалынып, соған сай ұрымтал тұста өткір шабуылдауды көздегендері байқалды. Екінші кезеңде де айтарлықтай өзгеріс болмады. Жекпе-жектің басы жоғарыда Жәнібектің сөзімен айтқанымыздай қазақстандық спортшыға жиі шабуылдатып, шаршаған кезін күтумен өтті. Міне, дәл осы тұста барша көгілдір экран алдындағы қазақстандық қолдаушыларға ерекше әсер ететін сөздерді құлағымыз шалды. АҚШ төрінде таза қазақ тіліндегі бапкердің нұсқамасын, тәсілі анық естілді. «Асықпа, өзі келеді» деген бір ауыз сөз «асықпаған арбамен қоян алады» деген ұғымымызды ұғындырып тұрды. Ана тілінде бойына қуат, өзіне жігер алған Жәнібектің мықтылығы раунд өткен сайын байқала берді.
Ал нағыз сәт бесінші кезеңде орын алды. Қарсыластың шабуылын күтіп алып, сол қолмен жасаған соққысы дөп тиген Жәнібектің шын мықтылығын сезінген германиялық чемпион ринг ортасында есеңгіреп барып ес жиды. Төреші есеп ашпағанымен жеңістің кімдікі екені түсінікті еді. Келесі раундта қарқынына қарқын қосқан қазақстандық былғары қолғап шебері бұрыш жағалай қашқан Гуалтьериге ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Ойынды амалсыз тоқтатуға тура келіп, көк туымыз көкте қалықтады.
Кездесу соңындағы сұхбатында да ана тілінде жауап берген Жәнібек алда тағы қос белбеу үшін чемпиондық жекпе-жек ұйымдастырлса деген өтінішін жеткізді. Осылайша орта салмақтағы 4 белдікті жеңіп алып, абсолюттік чемпион атанғысы келетінін жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік. Осы уақытқа дейін аңызға айналған қазақстандық, GGG лақап атымен әйгілі болған Геннадий Головкин осы салмақтағы төрт белдіктің де иегері атанған еді. Ендігі кезек жұмыр жұдырықты Жәнібекте!
О.ЖОЛДАСОВ
---
17 қазан 2023 ж. 81 0