Дастан ҚҰРМАНБАЕВ, Қызылорда облысының Бас имамы: Рамазан айының мақсат-мұраты орындалғанда, ізгі қоғам қалыптасады

– Дастан Жанасұлы, бүгінде Рамазан айы мен ондағы тұтылатын ораза туралы көпшілік қауым біраз жайттан хабардар. Не дегенмен әлеуметтік желі дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Қарсы болмасаңыз, бүгінгі сұхбатымызды «Ораза қалай тұтылады, оны не бұзады?» деген жалпылама тақырыпта емес, осы қасиетті айдың рухани және қоғамдық, әлеуметтік жақтары турасында өрбітсек. Әуелгі әңгімені Рамазан айының, оразаның рухани сыр-хикметтерінен бастасақ.
–Ең алдымен, ораза – ғибадат. Ғибадат дегеніміз – пенденің Жаратушы иесіне жасайтын құлшылығы. Шариғатта барлық ғибадаттың рухани және басқа да тұрғыдан беретін пайдасы бар. Мысалы,намаз туралы Алла Тағала «Анкәбут» сүресінде: «Расында, намаз сендерді арсыздықтан, ұятсыздықтан және жаман іс-әрекеттерден тыяды» дейді. Яғни, адам намаз оқығаннан кейінбойын түзейді, сөзін түзейді, бүкіл жүріс-тұрысына мән береді.Ал ораза жайлы «Бақара» сүресінде: «Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» дейді де, «Тақуалыққа жету үшін» деп толықтырады. Бұл жерде «тақуалық» деп отырғанымыз – діни, рухани үлкен дәреже. Оны «иманның кемелдігі» деп айтсақ та болады. Алла Тағала сол дәрежеге жетуіміз үшін оразаны парыз етіп отыр.Рамазанда адам бір ай бойы ораза ұстаған кезде көбіне-көп өзінің рухани жағдайына маңыз береді. Пенде былайғы уақытта біраз нәрсеге алаңдап, шайтан мен нәпсі, қызықтыратын дүниемен әлек болып жүреді де, өзінің рухани жағдайына назар аудара алмай қалып жатады. Алла Тағаламен жеке тілдесу, жеке мінәжат, мұң-шерін айту деген сияқты Раббысымен ортадағы байланысқа көп мән бермейді. Бұл нәрсе Рамазан айында толығымен мүмкін болады.Шариғатта адамның жан-дүниесін зерттейтін ілімді «тәзкия» деп атайды. Осы ілім бойынша адам 5 нәрсенің артық мөлшерінен арылса, рухани байиды және кемелдікке жетеді.Ол істерді атап айтар болсақ, ең біріншісі – артық тамақ, сосын артық ұйқы, артық қарау, яғни, әр нәрсені артық көру, артық сөйлеу және адамдармен артық араласу. Алла Тағала құдси хадисте: «Пендем оразаны мен үшін ұстайды, оның сауабын өзім ғана беремін» деп айтқандай, адам оразаны Аллаға жақындап, байланыс орнату, қарым-қатынасын жақсарту үшін ұстайды. Су мен тамақтан тыйылу – оразаның сыртқы формасы ғана. Мәселен, намазда сыртынан бақылап отырсақ, оны оқып жатқан адамның еңкейгенін, маңдайын жерге тигізгенін, екі қолын жайып дұғатілеп жатқанын көреміз. Бірақ, сол намаздағы адамның ішкі жан-дүниесінде болып жатқан жағдайларды көре алмаймыз. Намазоқу – Алла Тағаламен тілдесу. Сол тілдесу кезінде Аллаға жалбарынуы, ішкі жай-күйі, мінәжат кезіндегі жүрегінің ахуалы бізге беймәлім нәрсе. Сол сияқты, оразаның да ішкі жағдайларыбар.Тамақ пен судан тыйылу – адамның физикалық жағдайы болса, ал бағанағы 5 нәрсенің артық мөлшерінен тыйылу – оның рухани жағы. Жәбир ибн Абдулла деген ардақты сахабаның: «Ораза ұстасаң құлағың да, көзің де, тілің де ораза ұстасын! Өтірік айтпа, ешкімге кесіріңді тигізбе. Ораза ұстаған күні салмақты, байсалды бол! Ораза ұстаған күнің мен ұстамаған күнің бірдей болып қалмасын!» деген сөзі бар. Қасиетті Рамазан айында адам осы бір мақсатқа жетуге тырысуы керек.
– Ол мақсатқа қалай жетеміз?
– Ораза ұстағандағы мақсат – «8-9 сағат аш жүру керек екен» деп құр босқа тамақтан бас тарту болмаукерек. Осы 8-9 сағатты пайдаланып, адам өзін-өзі тәрбиелеп, рухани кемелдікке ұмтылуы қажет. Себебі, Алла Тағаланың өзі бұл айда барлық жағынан жеңілдік жасайды. Біз көбінесе «шайтан азғырды» деп сылтау айтып жатамыз. Алла Рамазанда осы шайтандардың бәрін шынжырлап қояды. Бұл ғайып әлемінде болатын дүние. Қайда апарып, қалай шынжырлайды – ол жағы бізге беймәлім. Жалпы олардың бізге әсері болмайтынын, бір айбойы бізді азғыра алмайтынын түсінсек болды. Өз нәпсімізбен ғана қаламыз. Алла Тағаланың шайтандарды шынжырлайды дегенін: «Осы айда шайтанның жоқтығын пайдаланып, басқа уақытта жасай алмай жүрген жақсылықтарыңды, құлшылық-ғибадаттарыңды жасап қалыңдар және тыйыла алмай жүрген кейбір күнәларыңнан тыйылыңдар. Өйткені, шайтан сені түртпектей алмайды» деп түсіндіреміз.Ораза кезінде су мен тамақтан қалай тыйылсақ, дәл солай артық сөзден, пайдасы жоқ, тіпті, кейбірі зиян, күнә әкелетін нәрселерді көруді қоюымыз қажет. Құр әңгіме, жамандық, зиянды нәрселерді пайдаланатын ортамен араласуды тоқтату керек. Тамақ өз алдына, тарауих, сәресіне ерту тұру арқылы ұйқының да біраз мөлшері қысқарады. Біз айтып отырған мақсатқа будданың жаттығулары арқылы, басқа да істермен қол жеткізуіміз мүмкін.Бірақ, Рамазанның бұдан да үлкен мәні бар. Ол – біздің құлшылығымыз. Алла Тағаланың «Ораза мен үшін» деп айтқанын тереңнен түсініп, 11 ай бойы шөліміз қанып, 11 ай бойы тоқ жүргеніміз үшін бір айымызды құрбан етіп, оның жолында алғыс білдіруіміз. Ораза – дені сау адамдарға ғана парыз. Қант диабеті, асқазан жарасы секілді ашығудың тікелей зияны тиетін созылмалы ауруы бар адамдар ораза ұстаудан босатылады.Дені сау адамдар 11 ай бойы аман-есен жүріп, осы айға ауру-сырқаусыз жеткені үшін ораза тұту арқылы ғибадат жасайды. Сондықтан, оразаның ең үлкен рухани мәні – бірінші кезекте мойнымыздағы мұсылмандық парызымызды өтеу, Алланың алдындағы шүкірімізді арттыру, ғибадат-құлшылық жасау. Оның арғы жағында біз Алланың разылығын аламыз. Алла разы болғаннан кейін біздің күнәларамыз кешіріледі. Күнәмізден арылған соң, мейірімін төгіп, уәде етілген жәннатқа кіргізеді.
– Жаңа сөз арасында тақуалық туралы бірнеше мәрте айтып өттіңіз. «Рамазан айының мақсаты – тақуалыққа жету» деген тәмсіл бар. Қазіргі таңертеңнен кешке дейін жұмысқа байланған, бала-шағаны асыраудың қамымен күйбең тіршілікке салынған заманда ауыз бекітіп ғана тақуалыққа жету мүмкін бе?
– Бағана тақуалықтың бір мағынасын рухани дәреже десек, екінші мағынасы – сақтану, қорғану. Алла Тағаланың тыйым салған күнә, харам қылған істерінен бойын аулақ ұстаса, міне, осы – тақуалық. Асырып, үйіп-төгіп құлшылық-ғибадат жасамаса да, бірінші кезекте «Тыйыл!» деген нәрседен тыйылу қажет. Енді ол нәрселерге неге тыйым салды дегенге келейік. Абдулла ибн Масғұд деген сахаба: «Алла Тағала сендерге бір істі бұйырса, онда ол іс сендер үшін пайдалы екенін біліңдер. Егер бір істентыйса, онда ол іс сендерге зиян екенін біліңдер» дейді.Мысалы, арақты не үшін харам етті? Ол сіздің ақыл-есіңізді кетіреді, адамдыққа жатпайтын іс-әрекеттер жасатқызады, зұлымдыққа апарады. Сол секілді, зинаны, яғни, некесіз қарым-қатынасты отбасыларды бұзатын болғандықтан, дүниеге адам өзінің ата-тегін, шежіресін білмей туылатындықтан, тектердің бір-бірімен араласып, әртүрлі аурулар пайда болатындықтан құптамады. Ал кейбірінде адамның ақысы жатады. Пара алсаңыз, біреудің құқығын жейсіз. Ұрлық жасасаңыз, біреудің жеке мүлкінеқол сұғасыз. Осы секілді толып жатқан жаман әдеттерден тыйылып жүрсеңіз, бұл – үлкен тақуалық. Әбу Ханифаның тікелей көзін көрген, оның алдында отырып, аузынан шыққан әрбір дәрісін кітапқа түсірген Мұхаммед ибн Хасан деген шәкірті болған. Соған адамдар: «Тақуалық туралы кітап жазыңызшы» деп қолқа салады. Сонда ол кісі: «Мен сауда-саттық туралы кітап жаздым. Соны оқып, сонымен жүрген адам – тақуа» деп жауап береді. Сауда жасау барысында біреудің ақысын артық алмау, таразыдан жемеу, біреуге алдап зат сатпау деген сияқты күмәнді, арам жолмен дүние таппау да – тақуалық. Жаңағы айтқан «отбасыны асыраймын», «пәтер ақысын төлеймін», «несие жабамын» деген секілді күйбең тіршілікпен жүріп, аузына арам ас салмаса, рұқсат етілмеген немесе өзінің маңдай тері өтпеген бір жұтым су өңешіненөтпесе, міне, осы – тақуалық. Сәл қарны ашыңқырар, көнелеу көлік мінер, арзандау үйде тұрар, дүниенің қызығын аздау көрер, бірақ, таза өзінің маңдай тері, адал еңбегімен жүрсе – тақуалықтың «көкесі» осы. Байқасаңыз, тақуалықпен өмір сүру деген – күніне парыздан бөлек, жүз рәкағат нәпіл намаз оқу,он мыңдап салауат айтып, жүз мыңдап тәспі тарту емес. Тақуалық – ешкімнің ақысын жемеу, біреуге қиянат жасамау, айналасындағыларға тіл тигізбеу, адамды сыртынан ғайбаттамау, жала жаппау және тағы басқа. Ең бастысы – тыныш жүру.Әбузар деген сахаба Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Уа, Алланың елшісі, сен садақа бер дейсің. Сауабын айтып жатырсың. Бірақ, менің садақа беретін жағдайым жоқ. Басқа баламасы бар ма?» дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Біреуге жақсы сөз айтсаң – садақа. Қиындықта жүрген адамды сөзбен демесең, ақыл-кеңесіңді берсең, жақсылық жасасаң, бәрі садақаға жатады» деп, көзі көрмейтін адамды жолдан өткізіп жіберу, әлсіз адамдарға затын көтерісу, адасқандарға жол сілтеу секілді бірқатар істерді атап айтады. «Мұның бәрін жасай алмасам ше?» дейді Әбузар. Өмірде әртүрлі жағайлар бар, шыныменде, жасай алмауыңыз мүмкін. «Онда ешкімге зияныңды тигізбей жүрсең, оның өзі садақа. Сауабын аласың» дейді. Көрдіңіз бе, Ислам дінінде құлшылық жасау да, сіз айтып отырған тақуалыққа жету де – өте оңай. Көп нәрсе жасауды, асырып істеуді талап етпейді. Тек қана «жамандықтан тыйыл», «біреуге зияныңды тигізбе» дейді. Тақуалықты осылай ұстанады. Рамазан айында тақуа болу басқа күндерге қарағанда әлдеқайда жеңіл.Себебі, сіз бір жақсылықжасауға ниет етсеңіз – Алла Тағала осы айдың құрметіне оны оңай етіп қояды. Әдетте, істей алмай жүрген сауапты нәрсенің жолдары жеңіл болады. Рамазан айының басты артықшылығы да – осында.
– Дәке, ораза туралы сөз қозғағанда, өзіңіз секілді маманнан, діни басқарма өкілінен мына нәрсенің басын ашып сұрағым келеді. Соңғы кездері жас та, кәрі де «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөзді жиі айтады.
– Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Мен бұл сөзді тәуелсіздіктің, тыныштықтың, бейбітшіліктің артықшылықтарын көрсету үшін айтқан деп түсінемін. Қазір біз Рамазанға деп мешіттерді жуып-тазалап жатырмыз. Қариларымыз тарауих намазына дайындалып жатыр. Осының бәрі ненің арқасында? Алла Тағала бізге осындай емін-еркін жүріп-тұратын тәуелсіз мемлекетте өмір сүруді, тыныштықты нәсіп еткендігінің арқасында. Қазір кейбір елдердегідей үстінен бомба түсіп, астынан мина жарылып, адамдар күнде үрей-қорқынышпен өмір сүріп жатса, онда олар ораза ұстамақ түгілі, бастарымен қайғы болып кетпей ме? «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөз «осындай кеңшілік, тыныш заманда ғибадат-құлшылығыңды бүтіндеп ал» деген мағынада айтылған. Кезінде «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама», ашаршылық, қуғын-сүргін секілді қазақтың басынан өтпеген нәубет жоқ. Ахун-ишандарды, молдаларды, дін қайраткерлерін қудалаған, атқан заманда ораза ұстап, намаз оқымақ түгілі, «Құдай бар» деп айтуға, өздерін мұсылман деуге қорықты. Кезінде бір ағамыз туысыныңүйіне көңіл айтып барып, «Құлху Алланы» оқимын деп жиналысқа салынып, партиялық билетінен айрылып, қызметінен қуылған оқиғасын айтып бергені бар. «Ораза, намаз тоқтықта» деген сөз жаңа айтылған «несиемді зорға жауып, күнімді әзер көріп отырмын» дейтін дүниенің қиыншылығында жүрген адамдарға сылтау болмауы керек. Бұл жағдай хадисте де айтылады.Имам Муслимнің «Сахих» жинағында: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Фитнә замандар келмей тұрып, жақсы істерді істеп қалыңдар» деген хадисі бар. Өзіңіз білесіз, пандемия кезінде Меккені 2 жылға жауып тастады. Қажылықрұқсат етілмеді. Оған дейін «әне барамын, міне барамын» деп жүрген адамдар қанша жерден дәулеті жетіп тұрса да, ол жаққа аттап баса алмай қалды. Мешітте жұма намазын оқи алмадық. Алла бетін аулақ қылсын, сондай қиын заман келіп, ғибадат жасау мүмкіндігі тоқтап қалмай тұрғанда, біз құлшылығымызды қалдырмауымыз қажет. Сіз айтып отырған сөздің төркіні де осында жатыр.
– «Ораза ұстасаң, құлағың да, көзің де, тілің де ораза ұстасын!» дегенді тарқатып айттыңыз. Солай бола тұра, «кейбір ораза ұстағандардың тапқаны тек ашығу мен шөлдеу ғана болады» дейді.
– Имам Ғазали ораза ұстаушыларды 3 топқа бөледі. Біріншісі – ас-ауқаттан ғана тыйылып, қалған күнәларды жасап жүре беретіндер. Олардың мойнынан парызы түседі. Ертеңгі күні оларға: «Неге ораза тұтпадың?» деген сауал қойылмайды. Бірақ, сауабын алмайды. Екіншісі – ішіп-жеуден ғана тыйылмайды, бүкіл дене мүшесі де ораза ұстайды. Яғни, көзі де, тілі де, қол-аяғы да ораза болады. Бұл – бағанағы біз айтқан тақуа адамдардың оразасы. Үшіншісі – Аллаға жақын, әулие адамдардың оразасы. Олар тамақтан да тыйылып, барлық дене мүшесімен ораза ұстайды және жүрегін, жан-дүниесін де тазартады. Мәселен, біреу туралы жаман сөз айтпағанымызбен, ол туралы жаманойлауымыз мүмкін. Біреуге жамандық қылмағанымызбен, оны жек көруіміз, қызғануымыз мүмкін. Осы секілді нәрселерді іште ұстау адамның жан-дүниесінде арпалыс тудырады. Оразада осы ішкі жан-дүниесін қызғаныш, көреалмаушылық, жаман ой секілді әдеттерден тыйған адамдар жаңағы айтқан үшінші топқа кіреді.Ол мүмкін емес деген сөз емес. Қайта оразаны солай ұстаған адамды «бұл заманның әулиесі» деп айтуға болады. Сол үшін оразада ішкі жан-дүниемізді де тазартуға күш салуымыз қажет.
– Дастан Жанасұлы, енді Рамазан айының қоғамдық, әлеуметтік жағынан сөз қозғасақ. Ораза тек жалқы адамды емес, жалпы қоғамды неге тәрбиелейді?
– Рамазан айындағы ішіп-жеуден тыйылудың арғы жағына үңілсек, үлкен сабақ пен тағылым жатқанын көреміз. Ораза бізге шыдамдылықты, сабырлылықты үйретеді деп жатырмыз. Одан бөлек, жанашырлық,мейірімділік, бауырмалдық, қамқорлықты үйретеді. Қарныңыз ашқан кезде, әлеуметтік жағдайы мүшкіл басқа адамдардың хәлін түсінесіз. Сіздің қалағаныңызды сатып алып жеуге мүмкіндігіңіз бар, бірақ, жыл он екі ай бойы қарны ашып жүрген, кейде тамақ ішіп, кейде ішпейтін, бірде бар, бірде жоқ жарлы, мұқтаж адамдардың жағдайы сізге сабақ бола бастайды. Сөйтіп, жанашырлық пайда болады. Соларға қамқор бола бастайсыз. Ондай адамдар біздің көршіміз, әріптесіміз, тіпті, жақын туысымыз болуы мүмкін. Алла Тағала осы қасиетті айда өзгенің басындағы жағдайды біздің басымызға салу арқылы сезіндіреді. Сол кезде адамдардың мейірімі оянады. Бауырмал болады.Бір сөзбен айтқанда, қоғамды татулыққа, бір-біріне қарайласуға, жанашыр болуға тәрбиелейді.
– Рамазан айындағы ауызашардың да өзіндік ғибраты бар ғой?
– Әрине. Біз садақаны мешіттен гөрі, ағайын-туысқа берген абзалырақ, екі есе сауапдеп неге айтамыз? Себебі, ағайынның арасындағы татулық – Исламдағы ең маңызды ғибадаттардың бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім өзінің ризық-несібесінің мол болғанын, өмір жасының ұзақ болғанын қаласа, онда ағайынымен байланысын, татулығын күшейтсін» деп айтады. Ауызашар да ағайын-туыс арасындағы татулықты арттырып, жарастықты дәріптейді. Әдетте, бізде ағайын-туыстың басы өлім-жітімде, қайғының үстінде қосылып жатады. Сондай қайғылы жағдайды күтпей-ақ бәрімізді бір дастарқанда қауыштыратын қуанышты себептің бірі, ол, әрине, ауызашар рәсімі. Оған келгендер ғибадатын жасайды, ауызашар берген кісі мол сауабын алады, ауыз ашқан кезде дұғалар қабыл болады. Бір ғана рәсімде адамдар рухани тұрғыдан ғана байымайды, ағайынды жарастыру, ауызбіршілікті арттыру секілді қоғамдық мәселелер де өз шешімін табады.Ауызашарда бір-бірін көптен көрмеген ағайын-туыс себеппен кездесіп, қауқылдасып қалады. Қазақтың «бұлар мені шақырды, мен де оларды шақыруым керек» деген қанға сіңген қасиеті және бар. «Жақсылыққа – жақсылық» деген түсінікпен бірі екіншісін міндетті түрде шақырады. Сіз бір айдың ішінде ағайын-туысыңызбен жеті немесе он рет бас қосуыңыз мүмкін. Бұл қазіргі бізге жетпей жатқан туыстық қатынасты нығайтудың бірден-бір сауапты, ізгілікті жолы. Біз бағана сөз еткен тыйылудың астарында қоғамдық тәртіп пен тыныштық жатыр. «Тау мен тасты су, адамзатты сөз бұзады» дейді. Бүгінде адам мен адамның, ағайын-туыстың арасын бұзып жатқан «пәленше сен туралы бүй депті» деген жел сөздер ғой. Осының барлығынан тыйылсақ, бәрінің арасы жақсармай ма? Ешкімнің ар-намысы тапталмайды, сыртынан ғайбат-өсек айтылмайды, біреудің ақысы желінбейді. Міне, оразаның мақсат-мұраты орындалған кезде, қоғамда тыныштық орнайды. Біз іздеген бақытты, ізгі қоғам сол кезде қалыптасады. Алла Тағала: «Біз сендерге Құранды бақытты болуларың үшін түсірдік» дейді. Яғни, Құран – жақсы өмірдің кепілдігі. Исламның қоғамдық бақытты қамтамасыз ететін дін екендігінің бір көрінісі осында. Бұл – бір ғана оразаның тәрбиесі. Ал оразаға қосып намаз оқыса, зекетін берсе, қажылығын өтесе – бес парызын бүтіндесе, ол кемел адам болмай ма? Қоғам түзелмей ме? Біз осы жағына аса мән беруіміз керек.
– Жыл сайын қоғамда пітірсадақасы көп талқыланады. Оның мөлшері қалай бекітіледі? Жалпы, пітірсадақасы не үшін беріледі?
– Пітір садақасы – жан басына арналған садақа. Ол бір отбасының әрбір мүшесінің амандығы үшін беріледі. Алла Тағалаға «тағы бір Рамазанға басымды аман, денімді сау жеткіздің» деп беретін шүкіріміз. Көне кітаптарда оның мөлшері бидаймен есептеледі. Бірақ, қазір ешкім үйінде диірменмен бидай тартып отырған жоқ қой. Бізде бидайдың баламасы – ұн. Сол себепті пітірдің мөлшерін екі келі ұнның орташа бағасы негізінде белгілейміз. Биыл пітір садақасы еліміз бойынша 655 теңге болып бекітілді.Пітір садақасын тек жағдайы жеткендер ғана береді. Егер өзіңіз соған мұқтаж болып тұрсаңыз, көмек алушылардың санатына жатасыз. Сонда бірі – беруші, бірі – алушы болып қоғам екіге бөлінеді де, бір-біріне көмек қолын созады. Пітір кедейдің ақысы екендігін ұмытпауымыз керек. Шариғатта пітір садақасыайт намазаның таңына дейін беріліп болсын дейді. Оның өзіндік хикметі бар. Ораза айт намазының сүннеті бойынша адамдар оразаны аман-есен өткеріп, ғибадатын толық атқарып, әдемі киімдерін киіп, хош иістерін сеуіп, айтқа жиналады. Айт – той, мейрам. Адамдар бір парызының орындалғанына, міндетінің өтелгеніне қуанып, мәз-мейрам болып мерекелейді. Осы уақытта кедей адамдар бір бұрышта қалып қоймасын, мерекені сезінбей қалмасын, бәрі қуанып жатқанда, олар азық-түліктің жоқтығынан мұңаймасын деп,30 күн оразада жиналған пітір садақадан көмек көрсетіледі. Бұл олар да айт намазына ел қатарлы жүзі жарқырап шығу үшін жасалады. Пітірді міндетті түрде мешітке берсін деген шарт жоқ. Қазіргі таңда мешіт жиналған пітірді бөлуші, таратушы, үйлестіруші органның қызметін атқарады. Мешітке бермесе, түрлі қайырымдылық қорларына немесе өзіңіз танитын мұқтаж адамдарға тікелей апарып беруге болады. Ол сіздің көршіңіз, жақын туысыңыз, тіпті, жай ғана танысыңыз болуы мүмкін. Әркімнің таңдауы өзінде. Тек мақсат орындалса болды.Осы тұста мына жағдайды ескеру керек. Бір отбасында екі-ақ адам болуы мүмкін. 655 теңгеден есептесеңіз, екі адамға 1310 теңге пітір берілуі қажет. Ол сомамен бір отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайсыз. Әрі кетсе, бір бөлке нан мен бір литр сүт түседі. Онымен біреу айт намазында қуанып шыға алмайды. Сондықтан, оны ортақ қазанға салып, соның ішінен қомақтылау қылып үлестірген дұрыс. Мысалы, биыл Рамазан айының алғашқы аптасында, яғни, 7 наурыз күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай, еліміз бойынша бір мезгілде 35 мың отбасыға бір айға жететін азық-түлік себеті таратылады. Біздің Қызылорда облысында соның мыңы беріледі. Бұл мешіттегі ортақ қазанға жиналған садақадан алынып тұр. Бұл жерде 1300 теңгеден жиналып, 1 300 000 немесе 13 миллионға жетуі мүмкін. Бір жерге жиналса, көп отбасыны қамтуға мүмкіндік те мол.Ерекше атап өтерлігі, 655 теңге – пітірдің ең төменгі мөлшері. Бірақ, кейбір адамдардың мүмкіндігі одан бірнеше есе жоғары болатыны жасырын емес. Оның адам басына 655 теңге емес, 6500, тіпті, 65 000 теңге бере алатынжағдайы болуы әбден мүмкін. Әркім өзінің жеке басы, бала-шаға, отбасының амандығыжәне көріп отырған байлығы, жүргізіп отырған кәсібі үшін Алла Тағалаға алғысын қаншаға бағалайды, сонша пітір садақасын беруіне болады. Дәулетті отбасылар пітірді өзінің жомарттығына салып, белгіленген мөлшерден артық берсе, бір емес, бірнеше отбасыны жарылқай алады. Мешітке әкелмей-ақ, ағайын-туыстың ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларға берсе, үлкен көмек жасайды. Болмаса, бір отбасының қарызын жауып берсе, ол айтты мәз болып қарсы алмай ма? Сондай-ақ, бес-алты айлап, жылдап жиналып қалған қарапайым коммуналдық қызметке қарыз көпбалалы отбасылар бар. Соны төлеп берсе, ол отбасы қуанбағанда қайтеді? Пітірді бергенде, бекітілген мөлшерден асып кетпесін, одан асса қабыл болмай қалады деген сөз жоқ. Түсіп кетпесін, бірақ, аса берсін. Осылай-осылай адамдар бір-біріне қарайласса, араларында мейірім оянбай ма?!
Бүкіл халықты қаралаудан аулақпын, дегенмен, соңғы кездері әлеуметтік желілерде біреудің байлығына қызғанышпен қарау, көре алмау, жаман пікірлер жазу деген секілді жағымсыз тенденция етек алып барады.Егер солар байлығының бір бөлігін зекет, садақа қылып, пітірді артығынан беріп жүрсе, ондай болмас еді. Жұртқа қымбат көлігін, жүз мыңдаған доллар тұратын зәулім үйін, шетелде саяхаттап жүрген кезін көрсетіп, онсызда қолын жоқтық байлап, дымы құрып отырған, кімге налырын білмей жүрген адамдардың ашу-ызасын тудырып жатқандар көп. Шариғатта алтын, күміс ыдыстармен тамақ ішуге болмайтын тыйым бар. Ол күнә болып саналады. Біреулер ішуге тамақ таппай отырған кезде, сенің табағыңа дейін алтын болса, сол адамның саған деген жек көрінішін тудырады. Өткенде бір блогер итіне қымбат әшекей алып тағып жатыр. Албіреу баласын оқыта алмай отыр, біреудің басында баспана жоқ, біреу киімге мұқтаж, ет өнімін тұтына алмайды.Айта берсеңіз, мысал көп. Керісінше, сол адамдар қолында барымен бөліссе, көмегін алған адамдар өмір бойы соның тілеуін тілеп өтеді.
– Дәке, жаңа Діни басқарманың мерейтойына орай біздің облыста мың отбасыға азық-түлік себеті таратылады деп атап өттіңіз. Осы қасиетті айда өңірімізде тағы қандай шаралар ұйымдастырылады?
– Рамазанда әуелі ақпараттық насихатқа баса мән береміз. Оразада мешітке жамағат көбірек келеді. Осыны пайдаланып, тағылымды әңгімелерді көп айтуға тырысамыз. 30 күнге жоспарланған уағызымыз бар. Ол жерде тек діни тақырып қозғалмайды, отансүйгіштік, татулық, ағайынның жарастығы, үлкенге құрмет, ата-ананы сыйлау деген секілді, әсіресе, жастарға қатысты тақырыптар көп айтылады. Қайырымдылық шаралары ай бойы жасалады.Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты еңбек адамдарына ауызашар себеттерін таратамыз. Қарттар үйінде, мүгедектер үйінде ауызашар беру акциялары өтеді. Діни басқарма жариялаған «Ислам және отбасы құндылығы жылына» сәйкес, жаңадан отау құрған жас отбасыларға ауызашар дастарқаны жайылып, отбасындағы бірлік туралы уағыз айтылып, семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Оған бірінші кезекте соңғы бір-екі айда мешітте некесін қидырған отбасылар шақырылады. Биыл Рамазан айы Наурыз мерекесімен қатар келеді. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні елімізде он күн бойы тойланып, онкүндіктің әр күні белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады. Осы бағытта да үлкен жұмыстар жасалып, аталған құндылықтарды насихаттаймыз. Жалпы, діни басқарманың ұстанымы – мешіттің ішімен ғана шектелмей, қоғаммен етене араласу, Ислам дінінің өмірлік дін екендігін, мұсылман болу деген сөз – өмір сүру екендігін, құлшылық дегеніміз – үлкенді, ата-ананы сыйлау, айналаңа қарайласу, адал табыс табу екендігін дәріптеу. Дін бөлек, діндарлар бөлек, халық бөлек болмайды, керісінше бірге екендігін үйрету.
– Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Алла күш-қуат берсін!

Әңгімелескен
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.
Биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады.
Қадір түні – наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні.
Ораза айт мерекесі – 30 наурыз.
Пітір садақасы – жан басына 655 теңге.