Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ажары айшықты Арал

Ажары айшықты Арал

САРАТС-тың сәтті қадамы
Биыл мамыр айында теңізді тіршілігімен тікелей байланыстырған Арал ауданы жұртшылығы үшін жағымды жаңалық жария етілді. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға бағытталған «ғасырдың экологиялық жобасы» атанған САРАТС жобасына қайта жан бітпек. Аудан халқы асыға күтіп жүрген жобаның екінші кезеңі көп күттірмейді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба Көкарал бөгетінің басында кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылаған еді.
Ауқымды жобада теңізді өлке тұрғындарының талабын жан-жақты қарастырған тиімді жолы ұсынылып, жобада тек теңізді сақтау ғана емес, Сырды жағалай қоныстанған ауалдарға да пайдасын тиізетін идеялар айтылған. Ол – Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу.
Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Айта кетейік, бүгінгі жағдайда су көлемі 27 текше шақырымды қамтиды. Яғни жобаның екінші кезеңі аяқталғанда су көлеміне 7 текше шақырым қосылатын болады.
Көпір – қала көркі
Мамырда Арал қаласында теміржол арқылы өтетін аспалы көпір ашылды. Бұрын пойыз өткенде теміржолдың екі бетіндегі көліктер кептелісі пайда болып, тіпті сағаттап күтетін де кездер болатын. Сондықтан құны 3 млрд 140 млн теңге, ұзындығы 940 метр болатын аспалы көпірдің ашылуы нағыз ел қуанышына айналды. Аспалы көпірге жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі жарықшамдар орнатылған.
Бұл аралдықтар үшін тарихи сәт. Шойын жолдың бергі бетінде қоныстанған 17 мың, арғы жағындағы 20 мың тұрғынбүгіндекөпірдің көл-көсір пайдасын көріп, еркін қатынауға мүмкіндік алып отыр.
«Қамқорлық» орталығы халық қажетіне
Арал қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Өткен аптада салтанатты ашылу рәсімі өткен нысан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстың негізінде ел игілігіне беріліп отыр.
«Қамқорлық» оңалту орталығы тұзды, сенсорлық, механотерапия және бальнеотерапия бөлмелерімен қамтылған. Заманауи оңалту қызметін көрсетуге мүмкіндік беретін орталықта аралдықтардан бөлек көршілес Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балдарына медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Көгілдір отын көптің игілігіне
Бүгінде көгілдір отын игілігі елдегі жұрттың басты сұрауына айналған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс» деген сөзінен-ақ осыны аңғара аламыз. Осы бақытқа жеткен ауданға қарасты ауылдардың қатары артты.
Солардың қатарына биылғы жылдың басында Сексеуіл кенті мен Шижаға ауылы қосылды. Отын жағып, күл шығару бейнетінен біржола құтылған ауылдардың қатары алдағы уақытта да көбейе түседі. Бұл бағытта істеліп жатқан жұмыстар жайында да басылым бетінде жарияланып жүр.
«Келешек мектебі» – болашаққа бағдар
Арал ауданында жыл басынан бері 300 орындық екі «Келешек мектебі» ашылды. Жыл басында қала орталығында және таяуда ғана Сексеуіл кентінде пайдалануға берілген қос білім ордасы келешек ел азаматтарының болашағына берілген мүкіндік.
О.ЖОЛДАСОВ

Фото: автордан
---
30 тамыз 2025 ж. 498 0