Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейде колледж студенті курстастарына оқ жаудырды

Ресейде колледж студенті курстастарына оқ жаудырды

Ресейдің Амур облысы Благовещенск қаласындағы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы колледжінде атыс болды, құрбандар бар, деп хабарлайды ria.ru аймақтың денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, атыс салдарынан екі адам қаза тапты, тағы үшеуі жарақаттанды, деп хабар таратты агенттік.
Бұған дейін Амур облысы Благовещенск қаласы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы колледжіндегі атыс фактісін облыстық білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі растаған еді.

Ал ішкі істер министрлігінің Амур облысы басқармасының мәліметінше, патрульдік полицейлерге колледждегі атыс туралы жас жігіт хабарлапты.
Полиция қолында қаруы бар жас жігітті оқу орнының екінші қабатынан тауып алған. Ол құқық қорғаушыларға да оқ жаудырған. Тәртіп сақшылары мергенді аудиториялардың біріне қамап, эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырыпты.
"Оқиға орнынан екі жас жігіттің денесі табылды. Олардың бірі – мергеннің өзі болып шықты. Алдын ала мәліметке сай, оқиға салдарынан барлығы үш адам зардап шекті. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - делінген ақпаратта.
Полиция мәліметінше, мерген өз-өзіне қол салған, ал ол колледжге әкелген қару соның атына тіркелген болып шықты. Полицейлер қайғылы оқиғаға "құрдастар арасындағы жанжал" себеп болды деп болжап отыр.
Қазір жедел тергеу тобы тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео пайда болды. Бұл кадрлардан бір адамның еденде өліп жатқаны көрініп тұр.
Благовещенск бірыңғай диспетчерлік қызметінің хабарлауынша, колледж аумағы қоршауға алынған. Ал қала мэриясының баспасөз қызметі қала басшысы төтенше оқиға бойынша жедел комиссия құрып жатқанын айтты.


15 қараша 2019 ж. 758 0