Америкада мұғалім мектепте атыс ұйымдастырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың Джорджия штатында әлеуметтік ғылымдар мұғалімі атыс ұйымдастырды. Бұл туралы ABC Newsхабарлады. «Джорджия шататындағы жоғары мектепте қаруланған мұғалім сыныпта бір өзі есікті бекітіп алып, кейін қарудан ата бастаған», - делінген полиция ақпаратында. Атыс барысында аудиторияда ешкім болмағандықтан зардап шеккендер жоқ. Атап өтілгендей, мектепті эвакуациялау барысында бір оқушы қыз аяғын жарақаттап алды. Жергілікті полиция өкілі Брюс Фрейзер мұғалім жарты сағат қарсылық білдіргеннен кейін тәртіп сақшыларының қолына түскенін айтты. Ол - 53 жастағы педагог Джесси Рэндалл Дэвидсен. Сондай-ақ ол аталмыш білім ордасында футболдан комментатор болып жұмыс істеген. Еске салайық, ағымдағы жылдың 14 ақпаны күні Флорида штатындағы Stoneman Douglas жоғары мектебінде 17 жастағы Николас Круз атыс ұйымдастырып, салдарынан 17 адам қаза болды.