Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Коронавирустың екінші толқыны жоқ": ДДҰ мәлімдеме жасады

"Коронавирустың екінші толқыны жоқ": ДДҰ мәлімдеме жасады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандардың саны өссе, кей мемлекеттерде керісінше азайып жатқанын хабарлады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың екінші толқыны жоқ екенін мәлімдеді.
"Пандемия 2020: қауіп-қатерлер, шешімдер, салдары" тақырыбында өткен халықаралық конференцияда ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницан сөз сөйледі.
"Коронавирустың түрлері мен формалары пандемияның ешқандай екінші толқыны жоқ екенін көрсетіп отыр", - деді Ницан.
Оның айтуынша, қазіргі кезде кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандардың саны өссе, кей мемлекеттерде керісінше азайып жатыр.
"Біз осы мәселені апта сайын зерделейміз, коронавирустың деңгейі төмендеп жатқан елдердің жағдайын зерттеп отырамыз", - деп атап өтті Ницан.
Осы орайда ұйым өкілі маңызды бір мәселеге тоқталды. Көптеген адам коронавирустың өте қауіпті ауру екенін түсіне бермейді, өйткені әлемде халықтың 5% -і ғана індеттің ауыр түріне шалдыққан.
"Алайда жаңағы 5 процент қатты қиналады, олардың өміріне қауіп төніп тұр. Олардың жағдайы ауыр", - деді Ницан.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда жаңа коронавирус инфекциясының таралуына байланысты COVID-19 пандемиясын жариялаған болатын. Ұйымның мәліметінше, әлем бойынша инфекция жұқтырғандардың саны 37 миллион адамнан асты. Осы уақытқа дейін 1 070 355 науқас қайтыс болды.
Пандемия басталғалы бері Қазақстанда 108 901 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Науқастардың басым бөлігі жазылып шықты. 1 746 адам қайтыс болды. Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап елімізде тест сынамасы теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың белгілері бар пневмониямен 34 913 адам ауырды. 27 709 науқас жазылып шықса, 370 адам көз жұмды.
13 қазан 2020 ж. 880 0