Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Індеттің бетін вакцина қайтара ма?

Індеттің бетін вакцина қайтара ма?

«Пандемия», COVID-19, «коронавирус» тақырыптары қанша жерден жауыр болса да, індеттің қаупі сейілмей, бұл мәселені айналып өте алмаймыз. Сондықтан жаһанға ортақ бұл дағдарысқа қатысты әлем елдерінің әрекеттерін жіті бақылап келеміз.
Бір жылдан астам уақыт әлем жұртын әуреге салып, түрлі салаға орасан зиян тигізген індетпен күресте вакцинаға маңызды рөл берілгені анық. Мамандар бұл қауіп халықтың басым көпшілігі вакцина салдырғанда ғана жойылады деген пікір білдіруде.

Індеттің емі табылғанымен, оны дертке шипа етудің мәселесі шаш етектен секілді. Тиімділігін растаған вакциналардың кері әсері, жеткізілуі мен қол­жетім­ділігіне қатысты қосымша сұрақ көп. Ең алдымен, халықты вакцина салдырудың мәселесі алаңдатып отыр. Екпе алудан тартынатындардың басым көпшілігі қауіпсіздік мәселесіне келгенде екі ұдайлы ойда. Бұған БАҚ-та тараған кейбір шетелдік вакциналардың кері әсерлері де себеп болып отыр. Дегенмен денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындарға вакцина салынбаса, жаһандық пандемияны оңайлықпен жеңе алмайтынымызды айтып келеді.

Статистикаға сенсек, әлем бо­йынша 152 елде 815 млн-ға жуық адамға вакцина салынған. Десе де, індет жұқтырғандардың қарқы­ны бәсеңдемей тұр. Бұл туралы ден­сау­лық сақтау саласының өкілдері мен мем­лекеттер басшылары жиі айтып жүр.

Халықты вакцина салдыруға үндеген хабарлармен қатар, вакцинадан кейін сырқаттанып қалғандар туралы әңгімелер де азаймай тұр. Бұл миллиондаған адамда бір кездесетін сирек жағдай болғанымен, көптің назарын бірден аударып үлгеруде. Осыған дейін қанның ұюымен бір ғана – AstraZeneca ағылшын-швед вакцинасы байланыстырылған болса, жақында америкалық Johnson & Johnson (J&J) вакцинасы да тура осындай күдікке ілінді. Сирек анықталған жағдайларда дәрігерлер қанның дәл бұлай ұюы өзгеше екенін байқаған. Синдром жастар арасында жиі кездескен. Мұндай кері әсерін байқаған кейбір елдің зерттеушілері AstraZeneca вакцинасын қолдануды толығымен тоқтатқан немесе жас бойынша шектеу қойған. Қарсы болғандар арасында Еуропа елдері бар. Ал Ұлы­британияның Денсаулық сақ­тау органдары 30 жасқа тол­мағандарға басқа вакцина сал­ды­руға кеңес береді. АҚШ-та ден­саулық сақтау қызметкерлері жа­нама әсерді бағалау және дәрі­гер­лердің оны қалай тануға және емдеуге болатындығы туралы хабардарлығын арттыру үшін J&J вакцинасын қолдануды тоқтата тұруды ұсынды.

Ұлыбританияда AstraZeneca вакцинасының 20 мм дозасын енгіз­геннен кейін 31 наурызға дейін 79 адамның тромбоциттер саны төмендеп, қаны ұйығаны тіркелген. Ал қайтыс болған 19 адамның үшеуі 30 жасқа да толмаған екен. Дегенмен мамандар бұл адамдардың өліміне қанының ұюы себеп болмауы мүмкін екенін жеткізген. Кейбір пікірлер бұл жағдайды толық зерттемей жатып вакцина салуды толығымен тоқтатуға болмайтынын алға тартады.

Ұлыбританияда жалпы 32 млн-нан астам адам кем дегенде бір доза вакцина алып үлгерген. Бұл – елде бұрын-соңды болмаған ең үлкен вакциналау бағдарламасының бөлігі. Тек ағылшындар үшін емес, бұл бүкіл әлемдегі ең ірі вакциналау науқаны деуге болады.

Жоғарыда айтқан қос вак­ци­наның қандай байланысы бар дегенге келсек, екеуі де ұқсас жолмен жасалған. Зерттеушілер тұмау вирусының әлсіз түрін немесе аденовирус қолданған. Коронавирусқа ортақ генетикалық материалды енгізу үшін өзгеріске ұшыраған вирус ағзаға түскенде індетті тудыра алмайды. Ұлыбританияның денсаулық сақтау қызметкерлері вакцина салудан кейін пайда болған синдромды қан сұйылтатын антикоагулянт препараттардың бірі гепариннің кері әсеріне ұқсас екенін байқаған. Вакцинаның бұр процеске қалай әсер еткені әлі де зерттеліп жатыр. Зерттеушілер бұл кері әсердің J&J және AstraZeneca екпелерінің құрамына кіретін аденовирустың не суық вирустың зиянсыз нұсқасымен байланысы бар не жоғын қарайды. Ресейлік Sputnik V мен қытайлық CanSino Biologics вакцинасы да осы аденовирусты қолданған. Ұлыбритания мен АҚШ Covid вакцинасының кез келген компонентіне аллергиясы бар адамдарға оны алмауға кеңес беріп отыр. Америкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары мен азық-түлік және дәрі-дәрмектер басқармасы (FDA) J&J вакцинасын алған 6 әйелдің жағдайын бақылауда ұстап отырғанын айтып, әзірге екпені тоқтата тұруды шешкен. Ал осыған дейін америкалықтарға барлығы 6,8 млн J&J вакцинасының дозасы салынып қойған. FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер басқармасы) бұл қадамды сақтық шараларын ұстану үшін маңызды деп мәлімдеді. Себебі вакцинаның кері әсерінен бір адамның қайтыс болғаны және біреуінің ауыр жағдайда жатқаны белгілі болған. Жоғарыда айтқан 6 науқастың жасы 18-48 аралығында, барлығы денсаулығының нашарлауын вакцина алған соң 6-13 күн ішінде байқаған. Осы оқиғадан дейін АҚШ-тағы барлық федералды сайттар вакцинаның қауіпсіздігі туралы қосымша зерттеулер аяқталғанға дейін оны қолдануды тоқтатты.

Гонконг, Германия, Норвегия секілді елдерде вакцина салдырған адамдардың қайтыс болуына байланысты бірнеше оқиға тіркеген. Алайда зерттеудің аздығына байланысты бұл адамдардың өліміне екпе себеп болды деп нақты айту мүмкін болмай тұрған көрінеді. Әсіресе егде жастағы созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығы неге күрт төмендегені белгісіз. Бұл алдағы уақытта тағы да зерттеуді қажет етпек. Десе де медицинасы орташа дамыған табысы төмен елдерде бұл көрсеткіш тіпті белгісіз болуы мүмкін.

Одан бөлек, жақында Қытай­дың денсаулық сақтау саласы өкіл­дерінің отандық вакцинаға қатысты пікірі әлемді елең еткізді. Чэнду қаласының оңтүстік-батысында өткен Вакциналар мен денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық конференцияда Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Гао Фу қолданыстағы вакциналардың қорғау деңгейі төмен деп мәлімдеген. Шетелдік БАҚ, әсіресе америкалық CNN Қытай шенеуніктерінің өз вакциналары жайлы сын айтуын өте сирек құбылыс деп бағалап отыр. Қытай өзін COVID-19 вакциналарын әзірлеу мен бүкіл әлемге таратуда көшбасшы ретінде көрсетіп жүргені белгілі. Көршілес елдің өнімін Индонезия, Зимбабве, Түркия және Бразилия секілді елдер таңдаған-ды. Одан бөлек 60 елде қолдануға рұқсат алған.

Әлемдегі бұл жағдайлар пандемияға қарсы вакцинаға деген жаппай теріс пікір тудыруға емес, індетті тоқтатуда екпе алғысы келетін халықтың қауіпсіздік мәселелерінен хабардар болуына, зерттеу жұмыстарын жіті бақылап отыруына сеп болса дейміз.

egemen.kz
15 сәуір 2021 ж. 390 0