Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал

Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал

Бразилияда коронавирустан өлім-жітім саны артып келеді. Португалия төтенше жағдай режимін жеңілдете бастады. Ал Германияда вакцинация қарқын алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бразилия пандемия құрбандарының саны бойынша әлемде екінші орынға шықты. Мұнда COVID-19 вирусынан көз жұмғандар саны 400 мыңнан асты. Соңғы бір тәуліктің өзінде 3001 адам қайтыс болды.
Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, коронавирус жұқтырудың 69 389 жаңа жағдайы анықталды. SARS-CoV-2 жұқтырғандардың елдегі жалпы саны 14,5 миллионнан асты.
Португалияда бес айға дейін жалғасқан төтенше жағдай режимі жеңілдетілуде. 1 мамырдан бастап мейрамханалар, кафелер мен барлар, сондай-ақ театрлар, кинотеатрлар және басқа да мәдени, ойын-сауық орындары демалыс күндері сағат 22.30-ға дейін қызмет көрсете алады. Бұған дейін коменданттық сағат демалыс күндері сағат 13.00-ден енгізілген. Сонымен қатар сауда орталықтарына жұмыс күндері сағат 21.00-ге дейін және демалыс күндері сағат 19.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат етілді.
Бұдан бөлек, 1 мамырдан бастап Испаниямен құрлық шекарасы ашылады. Роберт Кох институтының хабарлауынша, Германияда 29 сәуір күні, бір күнде 1 миллионнан астам адамға коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егілді. Бұл ретте, 970 295 адам екпенің бірінші компонентін алса, 118 657 адам екінші компонентін қабылдаған. Қазіргі уақытта вакцинаның бірінші дозасын Германия тұрғындарының 25,9% алды. Ал екпенің екі дозасын да қабылдаған халықтың жалпы үлесі 7,5% құрайды.
01 мамыр 2021 ж. 528 0