Грецияда тағы да орман өртеніп жатыр
Грецияның оңтүстік-шығысы мен батысында жаңа орман өрттері басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Афинадан оңтүстікке қарай 60 шақырым жерде орналасқан Лаврио портының жанындағы тауда жалын жалындап, жағажайдың үстінде қалың түтін пайда болды.
Өрттің бірі 16 тамызда Аттиканың шығысындағы Кератея қаласында шықты. Өрт бұтаны тез жойып, Сунион аймағындағы ұлттық саябаққа таралды. Өрттің таралу қаупіне байланысты жергілікті халық эвакуацияланды.
Өрт аймағында мүгедектігі бар қарт әйел жоғалып кеткені айтылды. Тілсіз жау кем дегенде он үйді зақымдаған.
Жергілікті билік жалын шығу ошағына 90 өрт сөндірушіні, алты су төгетін ұшақты және төрт тікұшақты жіберді.
Ел астанасының солтүстігіндегі Вилия ауылының жанындағы орман алқабында, балалар жазғы лагеріне жақын жерде бөлек жалын пайда болды. Оған бес тікұшақ пен бес өрт ұшағы жіберілді.
Түстен кейін Афинаның екінші жағында, солтүстік-батыста тағы бір өрт шықты. Қатты жел мен аптап ыстық салдарынан құтқарушылар өртті ауыздықтай алар емес.
Қазіргі таңда тергеушілер өрттің шығу себебін анықтауда.
Еске сала кетсек, соңғы апталарда Грецияда 500-ден астам орман өрті тіркелді. Жерорта теңізі аймағының елдері, соның ішінде Греция мен Түркия соңғы онжылдықтардағы ең жоғары температураны бастан кешуде.
egemen.kz