«Дельта» мен «омикрон» жағдайды ушықтыруы мүмкін - ДДҰ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Адханом Гебрейесус «дельта» мен «омикрон» штамдары жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
ДДҰ басшысы COVID-19-дың жаңа штамдары салдарынан көп адам ауырып жатқанын және ауруханаға жатқызу, өлім-жітім саны да артып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Франция, Ұлыбритания, Дания, Италия, Испания, Португалия, Грекия, Кипр, Италия, Мальта, АҚШ, Боливия, Аустралияда кейінгі күндері ауырғандар саны артқан.
«Дельта» мен «омикрон» қазір екі есе қауіп төндіреді. Жұқтырғандар саны артуына, ауруханаға жатқызу қаупіне, өлімнің күрт артуына әкеледі. «Омикрон» трансмиссивті сипат алып, дельтамен бір уақытта таралуы жағдайды ушықтыра ма деп қатты алаңдаймын», деді ДДҰ басшысы Twitter-де өткен брифингте.
ДДҰ басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясын жеңу үшін денсаулық сақтау саласындағы теңсіздікті жою қажет.
«Бұл бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйелеріне қысым көрсетуі мүмкін. Сондықтан біз бай елдер мен өндірушілердің көшбасшыларын болып жатқан жайлардан сабақ алып, әр ел тұрғындарының 70 пайызын вакциналау үшін бірге жұмыс істеуге шақырамыз», деп түйіндеді ол.
ДДҰ есебіне сәйкес, бір апта ішінде Еуропада COVID-19 инфекциясының жаңа жағдайлары 57 пайызға, Америкада 30 пайызға артқан. Қазір әлемде күн сайын 900 мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі.