Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Грекияда 50 жыл сайын қайталанатын қарлы боран жиілеп кетті

Грекияда 50 жыл сайын қайталанатын қарлы боран жиілеп кетті

Жаһандық жылынудың әсерін сезініп отырған елдің бірі – Грекия. Былтыр аптап ыстық жұрттың есін шығарса, енді қарлы боран маза бермей тұр, деп хабарлайды Хабар 24. Осыған байланысты елде климаттық дағдарыс істері жөніндегі министрлік құрылған.
Ал грек ғалымдары Эллада елінде климатың өзгеруі қазірдің өзінде байқалып отырғанын айтады. Өйткені бұрындары мұнда қарлы боран 40-50 жыл сайын қайталанса, қазір бұл құбылыс жиілеп кеткен. Осы аптада Грекия халқын табиғаттың тосын мінезі әбігерге салды. Қарлы боран соғып, жолдар жабылды, Әуе және темір жол қатынасы тежелді. Аттика өңіріндегі мектептердің көбі әлі жабық тұр. Былтыр жазда Эллада елінің халқын рекордтық аптап ыстық пен орман өрті әбігерге салған еді. Осыдан кейін жаңадан климаттық дағдарыс істері жөніндегі министрлік құрылды. Ал бұл жолғы ауа райының қолайсыздығы үшін премьер-министр халықтан кешірім сұрады.  
Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі:
– Атикиодос тас жолында қар құрсауында қалып қойған азаматтардан кешірім сұраймын. Бұған басқарушы компания өкілдері жауап береді. Бұл қарлы боранның салдары метеорологтардың болжағанынан да қатты болды. Міне, осындай жағдайларды болдырмау үшін біз климаттық дағдарыс істері жөніндегі министрлікті құрған едік.

24.kz

29 қаңтар 2022 ж. 500 0