Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жапондардың жұлдызы жарқырай жанды

Жапондардың жұлдызы жарқырай жанды

Францияның Монпелье қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. «Зюд де Франс» кешенінде өткен байрақты бәсекеде әдеттегідей төрт жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл жарыста Қазақстанның намысын жекелеген сайыста Михаил Шайдорин және спорттық биден Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев жұбы қорғауы тиіс еді. Бірақ Шайдорин виза ала алмай елде қалып қойды. Сөйтіп, барша қазақ жанкүйерлері бишілеріміздің жолына үлкен үмітпен қарады.

Аталған жұп Қазақстан чемпионатында үш мәрте топ жарғанымен, халықаралық аренада ауыз толтырып айтар­лықтай табыстарға қол жеткізе алған жоқ. 2018 жылы Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев Софияда өткен жастар арасындағы әлем бірін­шілігіне қатысып, 27-орын­ды қанағат тұтты. 2017 жылы Братислава Гран-Приінде бесінші және 2019 жылы Christmas Cup тур­нирінде төртінші сатыға табан тіреді. Ересектер дуына қосылғаннан кейін Бу­дапешт пен Алматыда ұйым­дастырылған екі бірдей халықаралық жарыста үздік сегіздіктің сана­тынан көрінді. Міне, жерлестеріміздің барлық табысы осы ғана. Ал Монпельеде кілең мықтылардың жиналғанын ескерсек, дуалы ауыз мамандар олардың үздіктер қа­тарына қосыла алмайтынын алдын ала жорамалдаған еді. Айтқандай-ақ, қысқа бағ­дарламада қорытындысы бойынша Гауһар мен Бой­сангур соңғы орында қалып қойып, жарыстың финалдық бөлігіне шыға алмады.

Ерлер арасындағы бас жүлде үшін тартыс жапон жігіттері арасында өр­біді. Қысқа бағдарламада алғашқы үш орынды да солар иеленді. Үш дүркін Олимпия ойындарының және екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сема Уно көш бас­таса, Токио Олимпиадасының вице-чемпионы Юма Кагияма екінші сатыға жайғасты. Үшінші орынға бұған дейін көпшіліктің көзіне түспеген Томоно Кадзуки табан тіреді. Еркін бағдарламада алғашқы екеуі өз орындарын сақтап қалды. Нәтижесінде, 312,48 ұпай жиған Уно бас жүлдені олжаласа, 297,60 ұпайды еншілеген Кагияма күміске қол созды. Ал Кадзукиді жылы орнынан ысырған америкалық Винсент Чжоу осыдан үш жыл бұрынғы Сайтамадағы көр­сеткішін қайталап, қола медальды иеленді. Оның енші­сінде – 277,30 ұпай.

Әйелдер бәсекесінің бас жүлдесі де Жапонияның мә­нерлеп сырғанаушыларына бұйырды. 21 жастағы Бейжің Олимпиадасының қола жүл­дегері Каори Сакомото 236,09 ұпаймен алтыннан алқа тақ­ты. Күміс медальды Луна Хен­дрикс мойнына ілді. Әзірге бұл – 22 жастағы бельгиялық бұ­рымдының спорттық ман­сабындағы ең зор табысы. Ол 217,70 ұпай жинады. Қола ме­даль­ды Алиса Лю еншіледі. 16 жа­стағы америкалық бойжеткен 211,19 ұпайды қоржынға салды.

Спорттық жұптардың са­йысын­да Алекса Книрим мен Брэндон Фрейзер алдарына жан салмады. Командалық бәсекеде Олимпия ойында­рында екі мәрте жүлде алып, 2015 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы дүние­жүзілік доданың күміс жүл­дегері деген атағы бар аме­рикалық спортшылар бұл жолы ешкімге дес бермеді. Жапониялық Рику Миура мен Рюити Кихара күміспен күптелсе, канадалық Ванесса Джеймс пен Эрик Рэдфорд қолаға қол созды.

Естеріңізге сала кетейік, басты фавориттердің бірі әрі бірегейі саналған Ресей құ­рамасы Украинадағы жағдайға байланысты Монпелье­дегі жарыстан шет­тетілді. Дәл сондай жаза Беларусь командасына да қолданылды.

egemen.kz
29 наурыз 2022 ж. 381 0