Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Польшада Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Польшада Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы аясында Польшаның Белосток қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белостоктағы Жоғары экономика мектебінің ректоры, Өңірлік даму агенттігі бақылау кеңесінің төрағасы, профессор Александр Прокопюк Құрметті консул болып тағайындалды.

«Қазақстан Орталық Азиядағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің сөзсіз көшбасшысы және осы өңірдегі ең тұрақты мемлекет ретінде танылды. Ел билігі кәсіпкерлерді экономиканың түрлі салаларына, атап айтқанда ауыл шаруашылығына, ақпараттық технологияларға, фармацевтика өнеркәсібіне және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тартуға ынталандырады. Қазақстан шетелдік инвесторларды, сондай-ақ елдегі шетелдік капиталы бар компанияларды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Ел үкіметі экономиканы дамытуға бағытталған саясатты жүргізіп келеді, келешекте Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Өз тарапымнан Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға бар күш-жігерімді саламын», деді ол.

Өкілдіктің ашылу рәсіміне Қазақстан Елшісі Әлім Қирабаев, жергілікті облыстық әкімшіліктің басшылары – Маршалок Артур Косицкий және Воевода Богдан Пашковский, Еуропарламент депутаты Кароль Карский, Польша СІМ Шығыс департаментінің директоры Михал Гродзкий, Қазақстан, Финляндия, Болгария, Хорватия, Босния және Герцеговинаның құрметті консулдары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессорлары, сондай-ақ өңірдегі іскерлік топтар және БАҚ өкілдері қатысты.

Елші Әлім Қирабаев өз сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар аясында Құрметті консулдық қызметі саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Польша ынтымақтастығының дамуы мен кеңеюіне одан әрі серпін беретінін атап өтті. Негізгі жұмыс Қазақстан азаматтарына көмек көрсетуге және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан мен Польша өңірлерінің өзара іс-қимылын дамытуға бағытталады.

Польша Сыртқы істер министрлігінің өкілі Михал Гродзкий Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті, сондай-ақ еліміз жүргізіп жатқан ауқымды реформаларды жүзеге асыруда поляк тарапының қолдауын жеткізді.

Жергілікті облыстық әкімшіліктің басшылары Құрметті консулдық жалпы Польша мен Қазақстан арасындағы және жеке өңірлер арасындағы мәдени-гуманитарлық, экономикалық байланыстарды дамыту үшін перспективалар ашатынын атап өтті.

Құрметті консулдықтың бұл қалада орналасуы кездейсоқ емес. Географиялық жағдайына байланысты Белосток – Польшаның шығысындағы ең ірі көлік орталығы, сонымен қатар Подляск воеводалық аймағының маңызды мәдени орталығы. Белостоктағы құрметті консулдықтың қарауындағы Подляск және Люблин жоғары оқу орындарында 200-ден астам қазақстандық студент білім алып жатыр.

Қазіргі уақытта Польшада Гданьск, Вроцлав, Краков, Катовице және Белосток қалаларында Қазақстан Республикасының 5 құрметті консулдығы бар.
26 маусым 2022 ж. 697 0