Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркияны теңселткен апат

Түркияны теңселткен апат

Апта басында түрік жұрты аяқ астынан қайғы-қасіретке оранды. Елдің оңтүстік аймақтары мен Сирияның солтүстігінде болған аса қуатты үш жер сілкінісінен кейін мұнда құтқару жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр.

Осындай қуаттылығы жойқын зілзаланы, мұндай қайғы-қасіретті кім күткен? Мыңдаған құрбандық ала келетін, кісі бойында қорқыныш пен үрей тудыратын табиғи зұлматтың бірі – зілзала. Адамзаттың даму тарихына үңілсек, айтып келмейтін ауыр сынақтардың тудырған зардаптары өлшеусіз.

Бүгінге дейін әлемде зілзаланың қаупін сейілту үшін алдын ала болжам жасау мүмкіндігі барынша шектеулі болып отыр. Мұны ойға сіңірудің өзі қорқынышты. Ең өкініштісі, мұндай табиғи апаттың дәл қай күні, қай сағатта болатынын сейсмология ғылымының өзі нақты айта алмайды. ДДСҰ бағалауы бойынша зілзаладан зардап шеккен аумақтарда барлығы 23 миллионнан астам халық тұрады. Аталған ұйым қаза тапқандар саны 20 мыңнан асуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Ақпанның 6-сы күнгі жер сілкінісі осы ғасырда Түркияда болған аса ірі зілзала саналады.

Қазір Түркия мен Сирияда да көз жұмғандар мен жарақат алғандар саны сағат санап артып жатыр. Кейінгі ширек ғасырдан бері қиындықтан көз ашпай келе жатқан Сирия жұртына да жаның ашиды. Анадолыдағы бауырлас ағайынның да амандығын тілейміз. Жалпы алғанда Түркияда жер сілкінісі жиі тіркеледі. Өйткені, ол сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Түрік БАҚ-тарының хабарына қарағанда, жер сілкінісінен мыңдаған үй қирап, ондаған қала оңбай зардап шеккен. Үйінді аршу жұмыстары соңғы күндері төпелеп жауған жаңбыр мен қарға қарамастан жүргізілуде. Құтқару жұмыстарына 10 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың іс-әрекетінен жанқиярлықты, сын сағатта түрік халқының қайыспас өр тұлғасын көрдік. Ел президенті Ердоған бұл зілзаланы 1939 жылдан кейін қайталанған аса ірі табиғи апат деп атады. Дүйсенбі күні магнитудасы 7,7-ге тең жерасты дүмпуі тағы қайталанған. Зілзала зардабы Грузия, Армения, Ливан, Иранда сезілген. Кейіннен Анкара қаласында да қуаттылығы мұнан төмен жерасты дүмпуі болған.

Апаттан соң құтқарушылардың үйінді астында қалған адамдарды аршып алып жатқан сәттер әлеуметтік желіде тарап жатыр. Адамзаттың адамгершілігі, бауырмалдылық пен мейрімі көрініс беретін, жүрек қозғайтын түрлі видеолар тіптен мол. Ал ақпараттық технология бүгінгідей дамымаған кезде бәрі басқаша болатын.

Мен әскерде Арменияда болдым. Түрік жеріндегі «Арарат» тауы қол созым жерде тұрған сияқты көрінетін. Біз тұрған жер мен Түркиямен шекара арасы небәрі 7 шақырым. Әскери басшылық Грузияның Марнеули қаласына бірнеше айға оқуға жіберді. Оны бітіріп Эчмиадизиндегі өзіміздің №09400 әскери бөліміне келген бойым еді. Ереван қаласына іссапарға жіберді. Бұл – 1988 жылдың желтоқсан айы. Ал 7 желтоқсаны күні жергілікті уақытпен сағат 11:41-де Армян ССР-нің солтүстік батыс бөлігінде қуатты жер сілкінісі болды.

Небәрі бірнеше минут ішінде республиканың солтүстігі тұтастай қирап қалды. Бір миллионға жуық халық тұратын аумақ қираған үйіндіге айналды. Табиғи апаттың салдарынан елдің өндірістік қуатының жартысына жуығы істен шығып, сыртқы дүниемен байланыс үзілді. Әуежай қирап, темір жол жұмыс істеуін тоқтатты. Автомобиль жолдары да бүлінді. Пошта, қалааралық телефон байланысы тоқтады. Алғашқы сағаттарда-ақ Ереван тұрғындары – медиктер, құрылысшылар, жастар мен студенттер, әсіресе, медицина факультеті студенттері адамдарға көмектесу үшін дереу апат аймағына ұмтылды. Сырттан көмек келемін дегенше зардап шеккен ауыр жаралыларды ауруханаға тасымалдады. Ұшқыштар қараңғы түнде Ереванның халықаралық әуежайына қонып жатты. Жер-жерден гуманитарлық көмек айлар бойы ағылып келгеніне куә болдық.

Кеше ғана жайнап тұрған қалалардың әп-сәтте үйіндіге айналғанын көзбен көру аса ауыр еді. Жаның күйзеледі. Қорқыныш, үрей дегеннің шын мәнінде қандай болатынын шынайы сезінесің. Ал апат құрбандарын көлікпен тасымалдау, рәсім бойынша жерлеу ісі ұзаққа созылды.

Бұл Кеңес одағының тарихындағы өзінің қуаты мен зардабы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген ірі зілзала Спитак қаласын түгелдей жермен-жексен еткен еді. Жиырма мың тұрғыны бар шағын қала жер бетінен 30 секундта жойылды. Ленинакан (қазіргі Гюмри) қаласының да түгелдей дерлік тас-талқаны шықты. Кировакан да оңбай қирады. Сондай-ақ, апат салдарынан 58 ауыл қирап, 21 қала мен 350 ауыл зардап шекті. Ресми деректер бойынша 25 мың адам құрбан болып, 140 мың адам мүгедек болып қалды. 500 мыңдаған адам баспанасынан айрылды. Үйінділердің бәрін аршуға бірнеше ай уақыт кетті. Түркия мемлекетінің 3 ай мерзімге төтенше жағдай жариялауы да осындай тәжірибеден туса керек. Сол кезде Арменияда қиранды астында қалғандарды құтқару жұмыстары 3 айға жалғасқан еді. Әлі есімде, телеарнадан 13 күннен кейін үйінді астынан бір адамның тірі табылғанын қуана хабарлап жатты.

Әрине, Армения зілзаласының зардаптары туралы кеңес баспасөзі ашып айта қойған жоқ. Тәртіп солай болды. Ресми деректер болған оқиғаны жұмсартып, тігісін жатқызып көрсетуге тырысты. Баспасөзде туысқан республикалардың армян халқына бауырмалдық көмегі туралы хабарлар ғана қылаң беретін. Архивті ақтарғанымызда «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде «Адамгершілік парыз», «Туыстарға көмек», «Қиындықты бөлісе береміз» атты қысқа хабарлар жарияланған. Онда облыс халқы туысқан армян халқының тартып отырған тақсіретін түсініп, қолдан келген көмекті аямағанын жазады. Есепшотқа қаржы аударып, киіз үй жөнелткені айтылған. Келесі номердің бірінші бетінде ақын Сейіл Боранбаевтың «Біз сіздермен біргеміз» атты өлеңіне орын берілген.

Иә, табиғаттың тұтқиыл апатынан түрік бауырлардың шегіп жатқан қасіреті қазақстандықтардың да қабырғасын қайыстырып отыр. Еліміз Түркияға құтқарушылардың алғашқы тобын жіберді. Ел үкіметі көмекке бір миллион доллар қаржы аудармақшы. Бір күндік жалақысын беруге ниеттілер де мол. Мұнан басқа да жекелеген белсенділер қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда. Киіз үйді көлікпен елордаға жібергелі жатқандар қаншама?

Түрік жеріндегі зардапты жоюға бүгінде әлемнің 30 елінен құтқарушылар келіп үлгерген. Алайда, Қазақстан Ұлттық арнасының Түркиядағы тілшісі Айдос Әшімнің айтуынша, құтқарушылар әлі де тапшы. Өйткені, бірінші міндет – қиранды астында қалған тірі адамдарды құтқару. Ең алдымен қуатты техника мен заманауи құрал-жабдықтар керек. Айта кетейік, соңғы рет мұндай зілзала Түркияда 1999 жылы 28 тамыз күні болған. Ол кезде Ыстамбұлға жақын жерде, Мәрмәр теңізінің жағалауындағы Измит қаласында жер сілкінісі салдарынан 17 мыңнан астам адам опат болған. Бауырлас ағайындарға Қазақстан сол кезде де көмек қолын созып, құтқарушылар 14 тәулік бойы үйінді астынан адамдарды аршып, көмек көрсеткен еді. Қазіргі қиын кезде де Анадолыдағы ағайыннан көмегін аямақ емес.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ

syrboyi.kz
23 ақпан 2023 ж. 414 0