Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы Қазақстандағы Түркия елшілігіне барды

Мемлекет басшысы Қазақстандағы Түркия елшілігіне барды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

«Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Айта кетсек, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды.

Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар.

Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар береді.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Соңғы мәлімет бойынша Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5834-ке жетті, 34 810 адам жарақат алды.
inform.kz
08 ақпан 2023 ж. 320 0