Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Швецияның НАТО-ға енуі қиындай ма?

Швецияның НАТО-ға енуі қиындай ма?

Стокгольмде Құран өртегендердің әрекеті біраз елді әбігерге түсірді. Сарапшылардың айтуынша, бұл оқиға Швецияның НАТО-ға мүшелікке өтуін тағы да күрделендіре түсетін секілді. Өйткені Түркия бұған қарсылық танытып, райынан қайтар емес. Талаптарын күшейте түсуі мүмкін. Бұған АҚШ-тың Мемлекеттік департамент өкілдері де алаңдаушылық танытып отыр.

Қаңтарда даниялық Рас­мус Палудан Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында Құран Кәрімді өртеп, тү­ріктердің Швецияның ұйым­ға мүшелікке өтуіне қар­сылығын одан сайын күшейт­кен еді. Бұл келең­сіз оқиға қайталанып, скандина­виялық елдің басы тағы дауға қалды. Осы ретте Құ­ран­ды 37 жастағы Ирактан келген босқын өртеді. «Euronews» ақпарат агенттігінің мәліметінше, ол бірнеше апта бұрын полицияға қар­сылық танытып, Қасиетті кітапты өртейтінін айтқан. Тұрғындар мұндай аранда­туға жол берілмеу керек еке­­нін алға тартып, поли­ция­ға кінә артып отыр. Айып­та­лу­шы бұл қадамға жеке себеп­терімен барғанын, сон­дай-ақ сөз бостандығын орнат­қысы келетінін айтқан. Ол Шве­цияның имиджіне кір кел­тіру ойында болмағанын айтады.

«Діни мәтінді өртеу – мен­сінбеу, құрметтемеу және орынсыз әрекет. Бұл тура­лы біз бірнеше рет айттық. Дегенмен Вашингтон Мажарстан мен Түркияны Швецияның НАТО-ға кіруі туралы хаттаманы ра­тификациялауға шақыруды жалғастырады. Швеция өткен жылы Мадрид саммитінің аясында Финляндия және Түркия­мен келісілген үшжақты меморандум бойынша өз міндеттемелерін орындады деп санаймыз», деді АҚШ Мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының орынбасары Ведант Пател.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг 11 шіл­деде Вильнюсте шешуші саммит болатыны мәлімдеді. Оның қарсаңында бас хатшы Франция президентімен кездесті. Эммануэль Макрон Түркия мен Мажарстанды Шве­цияның одаққа кіруін қолдауға шақырады. Ал Швецияның Сыртқы істер министрі НАТО-ға кіру үшін Түркия қойған барлық талапты орындағанын алға тартады.

«Үшжақты меморандум бойынша, терроризмге қарсы күрес – маңызды талаптың бірі. Террористік ұйымды насихаттайтын, нығайтатын немесе қолдайтын әрекеттерге қарсы жаңа заң күшіне енді. Осылайша, біз келісімнің соңғы тармақтарын орындадық», деді Швецияның Сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем.

Түркия әлі ресми мәлім­деме жасаған жоқ. Швеция 2022 жылғы 18 мамырда Фин­­лян­диямен бір уақытта НАТО-ға мүшелікке өтініш берген. Биыл 4 сәуірде ресми Хель­син­ки мүшелікке өтті. Ал Шве­ция­ның Солтүстік Атлан­ти­калық келісім ұйымына қо­сылуы тіке­лей Түркия мен Ма­жар­станның қолдауына байланысты.

Негізі Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Фин­лян­дияға қарағанда Швеция­ның НАТО-ға өтініш түсірмей тұрып-ақ оның құрамына енуіне қарсы болды. Ресми Анкара Швецияның Күрдістан жұ­мыс­шы партиясы (PKK) мү­ше­­лерін және АҚШ-та тұра­тын Фетхуллаһ Гүленнің ізбасар­ларын елге кіргізгеніне наразы.

Бұған дейін сарапшылар одақтас екі елдің НАТО құрамына кіруге шешім қа­былдауынан гөрі олардың қауіп­сіздік альянсына то­лық мүше болуы қиынға соға­ты­нын айтқан еді. Олар Сток­гольм мен Хельсинкидің өт­пелі кезеңі 12 айға созылуы мүмкін екенін болжаған. Өйт­кені НАТО-ның 30 мем­леке­тінің әрқайсысы олардың мү­шелігін ратификациялауы қажет, бәрінің бір­ауыздан қол­дауы екіталай.

Мұндай пікірді саясаткерлер де растап отыр. Финляндия саясаткері Элина Валтонен Финляндия президенті мен премьер-министрінің НАТО-ға дереу кіру туралы шешіміне байланысты Ұлыбританияның «Sky News» басылымына сұх­бат берді. «Финляндия он­даған жылдар бойы бейтарап ел болды, бірақ біз шығыстағы көр­шіміздің төндірген қаупін ешқашан ұмытқан емеспіз. Біз ешқашан кеңес одағының құрамында болған емеспіз. Өйткені бұрын Ресей мен кеңес одағына қарсы соғыс­қан­быз. Бірақ қазір заман басқа. Көршіміздің одан бетер агрессивті, тосын мінез та­ныт­қанын көріп отырмыз. Сон­дықтан ел қауіпсіздігі үшін НАТО-ға кірудің кезі келді», деді саясаткер. Финляндияның НАТО-ға кіруіне байланыс­ты Ресей қауіп төндіруі мүм­­кін бе деген сұраққа ол «НАТО – қорғаныс одағы. Сон­дық­тан Финляндия болсын, мүм­кін Швеция болсын бо­ла­шақта өз еркімен немесе ха­лық­тың шешімімен НАТО құ­ра­мына кіретіні сөзсіз. Біз демо­кратиялық елміз және ға­сырлар бойы сақтап келе жат­қан құндылықтарымызды қор­ғағымыз келеді», деді Элина Валтонен.

egemen.kz
03 шілде 2023 ж. 211 0