Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектепке бара жатқан: Пәкістанда арқанжолда қалып қойған адамдар құтқарылды

Мектепке бара жатқан: Пәкістанда арқанжолда қалып қойған адамдар құтқарылды

Пәкістанның солтүстік-батысындағы шатқалда 274 метр биіктіктегі арқанжолда қалып қойған 8 адамның барлығы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін жазғанымыздай, 8 адам, оның ішінде 6 бала мен 2 ересек мектепке бет алған. Хайбер-Пахтунхва провинциясының шалғайдағы және таулы аудандарында тұратын көп бала мектепке арқанжолмен барады. Тростардың бірі үзіліп кетіп, адамдар 274 метр биіктікте қалып қойған.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, құтқарушылар жеткенше жолаушылар фуникулерда кем дегенде төрт сағат отырған.

photo

Арқанжолдағы ақау сейсенбі күні, жергілікті уақытпен таңғы сағат 07.00 шамасында Хайбер-Пахтунхва провинциясының Аллай алқабында болды.

Аллай – теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі таулы аудан. Мұнда елді мекендер бір-бірінен алшақ орналасқан. Пәкістанның солтүстігіндегі аталған таулы аумақта көлік инфрақұрылымы жоқ, жолдар жоқтын қасы. Көптеген аудандар бір таудан екіншісіне жету үшін арқанжол сынды тасымалдағыштарды пайдаланады.

Жергілікті мұғалім Пәкістанның Dawn басылымына мәлім еткендей, осындай тәсілмен күнделікті мектепке 150 бала қатынайды. Себебі ауданда басқа көлік жоқ.

Арқанжолда қалып қойған оқушылар тұратын алқаптан мектепке дейінгі арақашықтық жаяу екі сағатты құрайды. Сондықтан жергілікті тұрғындардың бірі – механик арқанжол тартуды шешкен. Онымен тауға төрт минутта жетуге болады. Полиция мәліметінше, механик бұл құрылысқа өңір билігінен рұқсат алған. 22 тамыз күні таңертең арқанжол мектепке дейін төрт рейс жасаған. Бесіншісінде тростары үзіліп кеткен.
23 тамыз 2023 ж. 222 0