Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Чехиядағы атыс: Елде аза тұту күні жарияланды

Чехиядағы атыс: Елде аза тұту күні жарияланды

Полиция Карлов университетіндегі қайғылы оқиға құрбандарының кім екенін анықтады. Оқ жаудырған адам өзіне қол жұмсаған. Оның тағы бірнеше өлімге қатысы болуы мүмкін. Жараланған 25 адамның қатарында үш шетелдік бар. Kazinform бұл туралы  Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    «Полиция Карлов университетінің Философия факультеті ғимаратында болған атыс құрбандарының кім екенін анықтады», - деп мәлімдеді жұма күні прагалық полиция басшысы Петр Матейчик. Ол оқ атқан адам өзіне қол салғанын атап өтті.

Өлтірілген адамның бәрі – Чехия азаматтары. Музыка ғылымдары институты оқу орнының директоры Ленка Главкова мерт болғанын растады. 25 адам, оның ішінде үш шетелдік – Біріккен Араб Әмірліктерінің екі, Нидерландтың бір азаматы жараланды.

Оқ жаудыру себебі әзірге хабарланған жоқ. Бірақ оның лаңкестік ұйымдармен байланысы жоқ екені айтылды. Полиция ол жалғыз әрекет етті деген қорытындыға келді.

Чехия полициясы елдегі мектеп пен басқа да қоғамдық орындардың күзетін күшейтті, ал прагалық Карлов университеті лекция мен іс-шараның бәрін тоқтатты. Адамдар университеттің дағдарыс штабы ұйымдастырған мемориалға құрбандарды еске алып гүл шоқтарын қойып, майшам жағып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Прага қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты Чех Республикасының Президенті Петр Павелге көңіл айтты.

Чехия билігі Прага университетінде оқ жарақатынан көптеген адамның қаза болуына байланысты сенбі, 23 желтоқсанды мемлекеттік қаралы күн деп жариялады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Петр Фиала айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 21 желтоқсан күні кешке Прагада орналасқан Карлов университетінде 24 жастағы студент қарудан оқ жаудырды. Ол оқу орнына өздігінен оқталатын винтовкамен келіп, аудиториядағы студенттер мен терезе түбінде жүрген адамдарға оқ ата бастаған.

Салдарынан 14 адам қаза тапты, тағы 25-і жарақат алды. Дәрігерлердің сөзінше, 11 адамның жағдайы ауыр. Полиция мәліметінше, қарулы студенттің көзі жойылды.

Фото: kaz.inform.kz
23 желтоқсан 2023 ж. 746 0