Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәскеулік оқушы пластикті жоюдың әдісін тапты

Мәскеулік оқушы пластикті жоюдың әдісін тапты

Пластик қалдықты балауыз көбелегінің күйесімен қайта өңдеуге болады. Тың әдісті мәскеулік Юрий Мельников есімді жетінші сынып оқушысы ойлап тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Жеткіншек зерттеуді 4 жыл бұрын бастаған. Көп ұзамай жәндіктің тез көбейіп, ара ұяларынан балауызды ғана емес, полиэтиленді де сіңіретінін байқайған. Айтуынша бір келі күйе 40 күнде 5 келі полиэтиленді жеп тауыса алады. Яғни 3 миллион күйе Мәскеуде жыл бойы жиналатын қалдықты түк қалдырмай кеміріп, жойып жібереді. Жеткіншектің жобасына Сколков ғылым және технологиялар институты қызығушылық танытып отыр.

Ғалымдар бұл экологиялық жаңалықтың болашағы зор дейді. Орталық осы тәсілмен бірқатар жоба дайындауға кірісті.

Ғалымдардың арнайы зерттеулерінен микропластиктің тірі организмдерге әсері барын және белгісіз тірі ағзаның полиэтиленді қайта өңдей алатынын білдік. Содан осы организмді тауып, зерттеу жүргізіп көрдік. Нәтижесінде полиэтиленнің оған кері әсері жоғын байқап, пластик қалдықтарды қайта өңдеу жұмысына пайдалануға болатынын анықтадық, - дейді жоба авторы Юрий Мельников.

Қазір өндіріс саласының тапсырыс берушілері үшін бірнеше ұсыныс әзірленіп жатыр.

Мысалы, қайта өңдеуге жатпайтын жапсырмалары бар полиэтилен пакетті жою жобасын айтуға болады. Ол компанияларға осындай қалдықтарды өнеркәсіптік ауқымда өңдеуге мүмкіндік береді, - деді Сколков ғылым және технологиялар институтының инкубациялық бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Александр Чеканов.

Фото: baq.kz
16 ақпан 2024 ж. 461 0