Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресей Федерациясымен шекарада электрондық кезекті енгізу жалғасуда

Ресей Федерациясымен шекарада электрондық кезекті енгізу жалғасуда

Бүгінгі күні Қытаймен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен және Ресеймен шекарада «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі қолданылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан-Ресей шекарасында электрондық кезек 2023 жылғы қарашадан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде және 7 өткізу пунктінде жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, «CarGoRuqsat» шекарадан өту үшін электрондық кезекті алдын ала брондауға мүмкіндік береді, бұл оның өтуінің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, «CarGoRuqsat» мемлекеттік органдардың 17 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, соның есебінен тасымалдаушылар айыппұлдар мен берешектердің болуы, тауарларды өткізу үшін тиісті құжаттарды ресімдеу қажеттілігі және т.б. туралы ақпаратты алдын ала алады.

«CarGoRuqsat» пайдалану қосымша арқылы да, интернет-браузер арқылы да қарастырылған.

Іске қосу басталғаннан бері Қазақстан-Ресей шекарасында электрондық кезек жүйесі арқылы 13 мыңнан астам жүк автомашинасы өтті.

Жалпы, электрондық кезек жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті және тасымалдаушылар оны оң қабылдауда.

Оң нәтижелерді ескере отырып, қазақстан-ресей шекарасындағы қосымша 14 өткізу пунктінде «CarGoRuqsat» іске қосу жоспарлануда:

2024 жылғы 31 шілдеден бастап – «Ақбалшық», «Желқуар» (Қостанай обл.), «Жәңібек», «Орда» (БҚО);
2024 жылғы 15 тамыздан бастап – «Амангелді» (Павлодар обл.), «Қызыл Жар» (СҚО), «Қоянбай», «Байтанат» (Абай обл.);
2024 жылғы 29 тамыздан бастап – «Шарбақты», «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Қарақоға» (СҚО);
2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап – «Аят» (Қостанай обл.), «Әлімбет» (Ақтөбе обл.), «Шаған» (БҚО).
Электрондық кезек жүйесін басқа өткізу пункттеріне кеңейту үшінші елдерге халықаралық транзиттік тасымалдарды да қамтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.


Сурет: ашық дереккөз 
26 шілде 2024 ж. 216 0