Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашхабадта парламентшілер форумы өтті

Ашхабадта парламентшілер форумы өтті

Түрікменстан астанасында Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының екінші кездесуі өтті. Іс-шараға Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан депутаттары делегациясы қатысты.

Парламент басшыларының кез­десуі «Бейбітшілік, өркендеу және өзара сенім жолындағы серіктестік» атты пленарлық сессиядан басталды. Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазіргі жаһандық кли­­маттық, демографиялық сын-қатерлердің белең алуы, қақты­ғыстардың ушығуы, мемлекеттер арасындағы шиеленістер мен сенім­сіздіктің өршуі жағдайында ұсыныл­ған тақырыптың өзектілігін атап өтті.

– Қазіргі кезде Орталық Азия біртұтас өңір ретінде дамудың жаңа кезеңін бастан кешіп жатыр. Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Орталық Азияның ренессансы» деп атады. Қазақстан аймақтың Кореямен сенімді саяси диалогті, экономикалық, инвестициялық байланыстарды дамытумен қатар, парламенттік дипломатияны да нығайтуға мүдделі. Біздің елімізді өсіп-өркендеу және жайлы қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттар біріктіреді. Бейбітшілік пен тұрақтылық аймақ елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы берік серіктестіктің мызғымас негізі болуға тиіс, – деді Мәжіліс спикері.

Сонымен қатар Е.Қошанов Орталық Азия елдері мен Корея Рес­пуб­ли­касының тұңғыш парламенттік форумы елдеріміз үшін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін жұмыс алаңына айналғанын атап өтті. Табиғи ресурстарға бай, экономикасы өсіп келе жатқан Орталық Азия аймағы мен тың технологиялары, инновация­лары бар Оңтүстік Корея бірін-бірі толықтыра алады. Осыған байланыс­ты цифрландыру мен креативті индустрия саласында, сондай-ақ Еуропа мен Азия, Орталық және Шығыс Азия арасындағы көлік-транзит әлеуеті мәселелерінде ынтымақтастықтың үлкен бағыттарына жол ашылып отыр.

Мәжіліс спикері әріптестерін өңірдің био және экожүйесін сақтау, климат өзгеруі мәселесін шешу, сонымен қатар су қауіпсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында күш-жігерді біріктіруге шақырды. Ол Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру және 2026 жылы елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климаттық саммит туралы Қазақстан бастамасының өзектілігіне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан Президентінің бастамасымен Алматыда Орталық Азия елдерінің Қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі жобалық офисінің аясында бірлескен жұмысты күшейту қажет.

Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы парламенттері төрағалары форумының қорытын­дысы бойынша бірлескен декларация қабылданды.

Іс-шараға Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы У Вон Шик, Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Дуньягозель Гулманова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Шакиев, Тәжікстан Республикасы Маджлиси Намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзода, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжлисінің Заң шығару палатасының төрағасы Нуриддин Исмоилов және форумға қатысушы елдердің парламентшілері қатысты.

Осы күні Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Дуньягозель Гулмановамен кездесті. Екі ел арасындағы парламент­аралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және заң шығару жұмыс­тары бойынша тәжірибе алмасу жайы талқыланды. Түрікменстан тарапына Қазақстандағы саяси реформалардың жүзеге асырылу барысы мен Мәжіліс жұмысының қорытындылары туралы ақпарат берілді.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөзден алынды 
15 қазан 2024 ж. 380 0