Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘУЕ АПАТЫ НЕГЕ ЖИІЛЕДІ?

ӘУЕ АПАТЫ НЕГЕ ЖИІЛЕДІ?

Апат айтып келмейді. Соңғы уақытта әуе апаттары тым көбейіп кетті. Өткен жексенбіде Эфиопоияда орын алған қайғылы жағдай бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. 157 адамның өмірін жалмаған ұшақ апатынан кейін әуе қауіпсіздігі жайында жиі сөз бола бастады. Бір кездері қауіпсіз көлік саналатын ұшақтардың апатқа ұшырауы неге жиіледі?
10 наурыз, 2019 жыл. «Бір жыл бұрын Азияға барып едік, енді Африкаға ұшып барамыз. Ал бұрын Мәскеуге сапарлаудың өзі ерлік болатын. Бұл шеңбер мен шекараны өзімізге өзіміз сызатынымызды тағы бір мәрте дәлелдеп отыр». Бұл – ресейлік Екатерина және Александр Поляковтардың әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы. Дәл осы жазбаны жариялағаннан кейін Эфиопия астанасы Аддис-Абебадан Кенияның бас қаласы Найробиге бағыт алған азаматтар діттеген жеріне жете алмады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 08.38-де көкке көтерілген әуе кемесі арада 6 минут өткенде байланыстан ажыраған. Осылайша, Boeing 737 ұшағы Эфиопияның Дэбрэ-Зейт қаласына жақын маңда апатқа ұшырады. Борттағы 157 адамның барлығы қаза тапты. Олардың 149-ы – жолаушы, 8-і – экипаж мүшелері. Қайтыс болғандар арасында 35 елдің азаматы бар. Бортта 32 кениялық, 18 канадалық, 8 америкалық, 7 британдық және 3 орыс ұлтының азаматы болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі ұшақ бортында еліміздің азаматтары жоқ екенін растады.
Айта кетейік, апатқа ұшыраған жолаушылар лайнері Ethiopian Airlines әуе компаниясына тиесілі. Мамандар Boeing апатқа ұшыраған аймақтан қара жәшікті тапты. Қазір ол сараптамаға жіберілді. Арнайы іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Қайғылы оқиғаның себептерін арнайы құрылған комиссия анықтауда. Әуеге көтерілгеннен кейін пилот техникалық қиындықтың туындағанын айтып, ұшақты қондыруға рұқсат сұраған. Рейстерді бақылаушы Flightradar24 сайтының мәліметінше, ұшақ көкке көтерілген соң қалыпты ұшу деңгейін ұстай алмаған.
Дәл осы қайғылы жағдайдан кейін Boeing ұшақтарының қауіпсіздігіне деген сенімге кезекті рет селкеу түсті. Өйткені бұл – Boeing ұшақтарының алғаш рет апатқа ұшырауы емес. 2018 жылдың 29 қазанында Индонезияда болған апаттан 189 адам қаза тапқан еді. Ол кезде Джакартадан көкке көтерілген Boeing 737 әуе кемесі 13 минуттан кейін апатқа ұшыраған. Жолаушылар ұшағы Батыс Ява аралындағы теңізге құлады. Апаттың себептерін анықтаған мамандар әуе кемесінің биіктік пен жылдамдықты бақылайтын құрылысы істен шыққанын мәлімдеген еді. Бұл ақаулық байқалған сәттен бастап ұшқыштар апаттың алдын алу үшін 10 минуттай қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сол арада әуе кемесінің тұмсығы 26 рет төмен қарай құлдилаған. Айта кетейік, Boeing 737 ұшағының Индонезиядағы апатқа дейінгі сапарында да  ақаулық байқалған. Мамандардың айтуынша, механиктер таңға дейін қателерді жоюға тырысқанмен, мәселе түбегейлі шешілмеген. Соған қарамастан, лайнердің рейсі кейінге шегерілместен, көкке көтерілді. Бұл әуе компаниясының жолаушылардың қауіпсіздігіне бейжай қарайтындығын білдірмейді ме?
2015 жылдың қараша айында Қырғызстанда Boeing 737 ұшағы апатты жағдайда қонған еді.  Төтенше жағдай Ош әуежайында болған. Жергілікті «Авиатраффик» компаниясына тиесілі ұшақ Бішкектен Красноярскіге бағыт алады. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оның қанаты мен дөңгелегі істен шыққан. Ұшақ бортында барлығы 159 адам, оның ішінде 2 мен 5 жас аралығындағы балалар мен 6 экипаж мүшесі болған.  Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айында Иранда Қырғызстаннан ұшып шыққан Boeing 707 жүк ұшағы құлап, 15 адам қаза тапқаны хабарланды. Бір адам аман қалған. Ұшақ Қырғызстаннан Иранға чартерлік рейспен ұшқан. Алдын ала дерек бойынша, ауа райының қолайсыздығынан ұшқыштар әуежайды шатастырып алған. Ет тиеген ұшақ «Пайан» әуежайына қонуы тиіс болған. Бірақ шатасып Карадж қаласындағы «Фарх» әуежайына қонған. Ұшақ қону жолағанын шығып кетіп, маңайындағы қоршаулар мен ғимараттарға соғылып, өртенген.
2014 жылы Малайзияда екі бірдей ұшақ апаты орын алған еді. Оның екеуі де Boeing әуе лайнерлері. Алғашқы ұшақ наурыз айында апатқа ұшырады. «Malaysia Airlines» ұлттық компаниясына тиесілі Куала-Лумпурден Бейжіңге бағыт алған Boeing 777-200 лайнерімен әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 2 сағат өткенде байланыс үзіліп, ұшақ жоғалған болатын. Жолаушылар ұшағында 239 адам болған. Оның 227-сі – жолаушы, 12-сі – экипаж мүшесі. Аталған әуе кемесі сол күйі ізім-ғайым жоғалды. Арада бірнеше апта өткеннен кейін ғана ұшақтың Үнді мұхитына құлағаны анықталды.
Одан кейін дәл осы жылдың шілде айында 298 жолаушысы бар лайнер Украина үкіметі мен сепаратистер арасында қарулы қақтығыс болып жатқан аймаққа құлаған болатын. Ұшақ бортындағы жолаушылардың барлығы бірдей қаза тапты. Амстердамнан Куала-Лумпурге бет алған Boeing 777 ұшағы Донецк облысы аумағына құлаған.
Міне, біз жіпке тізген әуе апаттарының бәрі Boeing ұшақтарымен байланысты. Бұл нені білдіреді? Эфиопиядағы апаттан кейін Boeing компаниясы 13 наурызға жоспарланған Boeing 777X ұшағының тұсаукесерін кейінге қалдырды. Сондай-ақ бірқатар ел апатқа ұшыраған модельді көкке самғатуды уақытша тоқтата тұруды жөн көрген. Мәселен, Қытай мен Эфиопия апат себептері нақты анықталғанша Boeing 737 MAX 8 ұшағының ұшуын тоқтатуға шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта апатқа қатысты тергеу жұмыстарын Боинг корпорациясы да жіті бақылап отыр. Техникалық жағынан жәрдемдесуге дайын екендерін білдірді. Ұшақ шығарушы кәсіпорынның неліктен қауіптеніп отырғаны түсінікті де шығар. Апатқа ұшыраған лайнер – тарихта ең көп сатылған Boeing ұшақтары. 2011 жылдан бері осы үлгідегі ұшақтың 5 мыңнан астамы қолданысқа берілген. Оны сатып алғандар ішінде қазақстандық «SCAT» компаниясы да бар. Оларға бір ұшақ тиесілі. Сондықтан, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті флотында Boeing ұшағы бар Қазақстанның әуе компанияларына нұсқаулық жариялап, экипаждар тренингтен өтуі қажеттігін мәлімдеген. Бірақ күні кеше Қазақстанда  «Scat» әуе компаниясының Boeing 737 MAX ұшағын пайдалану уақытша тоқтатылатыны хабарланды.
Ал сейсенбі күні Еуропалық Одақ Boeing 737 MAX моделінің ұшақтарын ұшыруға уақытша тыйым салды. ЕО Әуе қауіпсіздігі жөніндегі агенттігі бұл қадамды Еуроодақта ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет деп санайды. Бұл шешім арқылы шкі рейстерге де, сондай-ақ Еуроодақтан келетін және шығатын рейстерге де тыйым салынды.Барлық құқықтар сақталған. Материалды көшіріп бассаңыз https://turkystan.kz/article/78001-ue-apaty-nege-zhiiledi гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз.
turkystan.kz
19 наурыз 2019 ж. 1 270 0