Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуропарламент Украинаға әскери көмекті арттыруға шақырды

Еуропарламент Украинаға әскери көмекті арттыруға шақырды

Еуропарламент Украинаға әскери қолдауды арттыру және Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларын күшейту туралы қарар қабылдады."ЕО-ның барлық мүше мемлекеттері мен НАТО одақтастары жыл сайын Украинаға ұжымдық және жекелей әскери қолдау көрсетуге міндеттеме алуы керек", – делінген қарарда.
Еуропарламент ЕО мен оның мүше мемлекеттерінен Украинаға әскери қолдауды күшейтуді сұрайды. Оның ішінде ұшақтар, ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар, заманауи әуе қорғаныс жүйелері, соның ішінде Patriot және SAMP/T, сондай-ақ оқ-дәрілер мен MANPADS, Украина қарулы күштері үшін артиллерия және оқу бағдарламаларын ұсыну қарастырылған.
Еуропарламент депутаттары АҚШ президенті Джо Байденнің Украинаға Ресейдегі әскери нысандарға қарсы жетілдірілген зымырандық кешендерді қолдануға рұқсат беру шешімін құптап, ЕО мен оған мүше елдерді осындай шаралар қабылдауға шақырды.
Украинаға қатысты келіссөздер Украинасыз өтпейтінін атап өткен Еуропарламент мүшелері Украинаға барынша кең халықаралық қолдау көрсету және бейбіт шешім табу үшін жұмыс істеу қажет деп санайды.
Еуропарламент мүшелері ЕО институттарынан "Ресей үшін ерекше экономикалық маңызы бар" салаларға, ең алдымен, металлургия, ядролық, химия, ауыл шаруашылығы және банк сияқты салаларға, сондай-ақ ресейлік шикізатқа қатысты санкцияларды күшейтуді сұрайды.
Қарар Пекинді Ресейге "қос мақсатты көмек көрсетуді" тоқтатуға шақыруды ұсынады. Бұл бағытты өзгертпеу ЕО мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа елеулі әсер етуі мүмкін, делінген құжатта.
Еуропарламент депутаттары Ресейге "әскери қолдау көрсеткені үшін" Иран, Беларусь және Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар режимін одан әрі күшейтуді ұсынды.
Франция Украинаға әскер жібере ме?
Asia Times басылымы Пентагон басшысы орынбасарының бұрынғы көмекшісі Стивен Брайанның мақаласын жариялады. Мақала авторы Франция Славянскідегі 54-украиндық бригаданы қолдау үшін Украинаға Шетелдік легионнан 100 сарбаз жібергенін жазған. Брайанның айтуынша, Франция Украина аумағына 1,5 мың әскери қызметкер жібермек. Мақалада бұл құрамды француз офицерлері басқаратындығы, бірақ ондағы қатардағы жауынгерлердің барлығы шетелдіктер екені айтылған. 
Еске салсақ, 2023 жылдың ортасында да бұқаралық ақпарат құралдарында 100 француз азаматы Украина аумағындағы соғыс қимылдарына қатысып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Ал 2024 жылдың басында Ресей қорғаныс министрлігі Харьковтағы шетелдік әскери қызметкерлердің орналасқан жеріне шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған. 
Франция елшісі Ресей сыртқы істер министрлігінде сөйлеген сөзінде Украина аумағында франциялық әскерлердің жоқ екенін мәлімдеді.
"Францияның Украинада да, басқа жерде де әскерлері жоқ”, – деп мәлімдеді Франция елшісі Пьер Леви.
Ал Франция президенті Эммануэль Макрон алдағы уақытта Батыс әскерлері Украинаға Киевтің тиісті өтініші болса ғана жіберілуі мүмкін екенін айтты. 
Кремль Макронның сөздерін қауіпті деп санап, "Франция өзінің қақтығысқа тікелей қатысу мүмкіндігі туралы үнемі ашық айтып жүргенін" ескертті.
stan.kz
30 қараша 2024 ж. 182 0