Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰҰ: Сириядағы 16 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж

БҰҰ: Сириядағы 16 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж

Біріккен Ұлттар Ұйымының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында қазір Сирияда 16 миллионнан астам адамның гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін айтты. Бұл туралы БҰҰ баспасөз қызметі мәлім етті.

Сонымен қатар, ұйымның баспасөз хатшысы азық-түлік және санитарлық-гигиеналық заттардың тез арада қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Стефан Дюжарриктің айтуынша, кейбір азаматтық мүліктер мен зауыттар, гуманитарлық заттарды сақтайтын қоймалар талан-таражға түскен. Ол қиындықтар мен тұрақсыз жағдайға қарамастан, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның серіктестері шұғыл көмек көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

Қазіргі уақытта Сирияның солтүстік-батысындағы, Идлиб пен Алеппоның солтүстік облыстарындағы барлық гуманитарлық ұйымдар жұмысын қайта жандандырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Түркиядан Сирияға көмек жеткізу үшін пайдаланған үш шекара бекеті әлі ашық. БҰҰ Сирияның солтүстік-шығысында жақында Алепподан қашып келген адамдарға көмек көрсетіп жатыр. 

Солтүстік-батыста жұмысын тоқтатқан барлық 24 денсаулық сақтау мекемесі жұмысын қайта бастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық тарапты миллиондаған сириялық босқындардың отандарына аман-есен оралуы үшін тиімді қолдау көрсетуге шақырады.

Еске салсақ, Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездескені хабарланды.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: ашық дереккөзден алынды
10 желтоқсан 2024 ж. 161 0