Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үштіктің маңызды басқосуы

Үштіктің маңызды басқосуы

Украина президенті Владимир Зеленский мен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш кездесті. Үштіктің маңызды басқосуы Украинаның батысындағы Львов қаласында ұйымдастырылды.

Ердоған алдымен Потоцкий сарайында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кез­десті. Тараптар стратегиялық серіктестік деңгейіндегі Түркия-Украина қарым-қатынас­тарының барлық аспектісін талқылады. Осыдан кейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Небәрі 40 минутқа созылған кездесу барысында Украинадағы қақтығыстан бастап, бірқатар маңызды мәселе талқыланды.

Зеленский Біріккен Ұлттар Ұйымы­мен Киев-Мәскеу ара­сындағы астық келісіміне мұрын­дық болған Ердоғанның Украинаға сапарына қуанышын білдіріп, «Түркия президентінің Украинаға сапары – мықты елдің мықты қолдауы» деп бағалады. Ресей-Украина қақтығысы бас­талған 24 ақпаннан бері Ук­раинаға алғаш рет барған президент Ердоған ортақ баспасөз мәслихатында: «Украи­наның жер тұтастығы мен егемендігін қолдайтынымызды тағы бір рет атап өтейін» деп ұстанымын айқын көрсетті. Украина мен Ресей арасындағы соғыстың үстел басында шешілетініне сенім біл­дірген Ердоған дипломатиялық про­цесті жандандыру үшін халықаралық қауымдастықтың көбірек жауап­кер­шілік алуы керегін алға тартты.

Украина президенті Львовтағы кездесуде Режеп Тайип Ердо­ғанмен астық кәсіпорнын жақсар­ту мүмкін­дігін, Запорожье АЭС-ы төңірегіндегі жағдайды және басқыншылардың ядролық қару­мен бопсалауын, Ресей уақытша басып алған Украина территориясынан астықтың ірі көлемде ұрлануы секілді мәселелер тал­қылағанын айтты. Тараптар қор­ғаныс саласындағы ынтымақтастық мәсе­лелеріне де тоқталған.

Түркияның Анадолы агент­тігі­нің хабарлауынша, Украинаның қақ­тығыс кезінде қираған инфра­құрылымын қалпына келтіру үшін Анкара мен Киев арасында келі­сімге қол қойылды. Келісім бойын­ша екі ел арасында қалпына кел­тіру жұмыстарын жүргізу үшін арна­йы жұ­мыс тобы құрылады. Ар­найы топ Украи­надағы жолдар, көпірлер, су және элек­тр инф­ра­­құ­ры­лымы, ауру­ханалар мен мек­теп­­­тер сияқты нысандарды қал­пы­­на келтіру бойынша жұмыстар атқарады.

Келіссөздердің басты тақы­рып­тарының бірі – жаһандық ядролық апат қаупін арттыратын Запорожье атом электр стансасы төңірегіндегі әскери белсенділік. Бұл туралы Ердоған баспасөз мәслихатында: «Запорожье атом электр стансасы төңірегінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаушылық білдіреміз. Жаңа Чернобыльді бастан өткергіміз келмейді», деді.

Украина президенті Зеленский де бейсенбі күні Біріккен Ұлттар Ұйымын Запорожье атом электр стансасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырды.

Зеленский Львовта БҰҰ Бас хатшысы Гутерришпен кездес­кеннен кейін: «БҰҰ қауіпсіздікті, осы стратегиялық орталықты әскер­лерден және Ресей күштерінен толық босатуды қамтамасыз етуі керек», деді. Сондай-ақ Украина пре­зиденті ресейліктердің нысанға жасаған шабуылын «әдейі жасалған» деп сынады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Гутерриш Ресей басып алған Запорожье атом электр стансасындағы жағдайға алаң­даушылық білдіріп, ол жерге жасал­ған кез келген залал «суицид» болатынын және әскерлерден боса­тылуы керегін алға тартты.

Түркия президенті Ердоған баспасөз мәслихатында Түркияның Украинаға жасаған гуманитарлық көмегіне де ерекше тоқталды. «Қақ­тығыс бастал­ғаннан бері біз украин халқының шұғыл гуманитарлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін 98 жүк көлігі гуманитарлық көмек жібердік және 325 мыңға жуық украиндықты уақытша елімізге қабылдадық», деді ол.

Сонымен қатар үшжақты кездесуде Украина-Ресей қақтығысын дипломатиялық жолдармен тоқтату мақсатында Украина астығын әлемдік нарыққа шығару үшін құрылған механизмнің бел­сенділігін арттыру мәселесі жан-жақты талқыланды.

Гутерриш БҰҰ-ның қыс келмей тұрып Украинадан астық экспортын арт­тыр­ғысы келетінін айтты. Гутерриш Ук­раина мен Ресейдің Түркия мен Бірік­кен Ұлттар Ұйымының арасында жасал­ған астық экспорты келісімін мақтап: «Ал­да­ғы қысқа қарай операцияларымызды ке­ңей­ту үшін бар күшімізді саламыз», деді.

Ал бейсенбі күні Киев жаса­ған мәлімдемеде астық тасымалдайтын 25-ші жүк кемесі Украинадан шыққаны туралы ақпарат тарады.

egemen.kz
22 тамыз 2022 ж. 607 0