Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды
25 желтоқсанда Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты бүгін, 26 желтоқсанда Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Аzertag.az агенттігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін тиісті бұйрыққа Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қол қойған еді.
Әзербайжандық БАҚ хабарлағандай, қайғылы оқиғаға байланысты елдегі тулар төмен түсірілді. Сонымен қатар Бакудегі жаңа жылдық шыршалардың шамдары сөндірілді.
Oxu.Az порталының хабарлауынша, Әзербайжанда аза тұтуға байланысты елдің Мәдениет министрлігіне қарасты театр-концерт мекемелерінде 26 желтоқсанға жоспарланған барлық мәдени іс-шара кейінге шегерілді.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:30-да Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) ұшқан Әзербайжан әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау қаласынан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Жолаушылар ұшағы қалың тұман салдарынан Грозныйға қона алмай, әуелі Махачкалаға, кейін Ақтауға бағыт алған еді.
Сурет: egemen.kz