Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маймыл шешегі Әзербайжанға жетті

Маймыл шешегі Әзербайжанға жетті

Бұл вирус жақында шетелден оралған 22 жастағы ел тұрғынынан анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әзербайжанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 22 жастағы азамат 2-11 қаңтар аралығында шетелде сапарда болған. Елге оралғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ол әлсіздікке, дене қызуының көтерілуіне және бұлшықеттердің ауырсынуына шағымданып, Бакудегі емханаға барған.

Инфекционист дәрігер науқастың белгілеріне қарап маймыл шешегін жұқтырғанына күдіктенген. Анамнез жинау нәтижесінде оның шетелде болғаны және сапар кезінде бөртпе пайда болған адаммен жақын байланыс жасағаны анықталған.

«Науқастың белгілері эпидемиологиялық байланыспен бірге зертханалық тексеруден өтуге негіз болды. Бөртпеден алынған жағындының ПТР сынамасы маймыл шешегі вирусына оң нәтижені көрсетті. Науқас қазір ауруханаға жатқызылып, стационарлық ем қабылдап жатыр», делінген хабарламада.

Науқаспен қарым-қатынаста болған отбасы мүшелерінде ауру белгілері анықталмағандықтан, олар аумақтық амбулаториялық-емханалық мекеме мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерімен үйдегі бақылауға алынды. Оларға профилактикалық ем тағайындалып, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Сурет: egemen.kz
20 қаңтар 2025 ж. 54 0