Түркия жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу енгізді
Түркияда биылдан бастап 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануын шектеуге бағытталған жаңа ереже күшіне енеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Жаңа заңға сәйкес, жас пайдаланушылар әлеуметтік желіге ата-анасы немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен ғана тіркеліп, пайдалана алады.
Үкімет бұл шараны балалардың психикалық денсаулығын сақтау, кибербуллинг пен зиянды контентке ұшыраудың алдын алу қажеттілігімен түсіндірді. Бастама гаджеттерге тәуелділікті азайтуға және жастарды оффлайн өмірде белсендірек болуға ынталандыруға бағытталған.
Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу бүкіл әлем әлеуметтік желілерге кіруді шектеу үшін 13 пен 16 жас туралы айтып жатқанын атап өтті.
- Процесс салалық министрліктермен, мекемелермен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Біз 16 жасқа назар аударып, осы бағытта біраз жұмыс істейміз және балаларымызды саналы түрде қорғаймыз. 16 жастағы жасөспірімдеріміз білім мен дамуға көбірек көңіл бөлуі керек. Түркияда 16 жастан асқан балаларға әлеуметтік желілерге еркін кіруге мүмкіндік береміз, - дейді министр.
Уәкілетті орган бұл шешім психология саласындағы мамандардың ұсыныстарына, сондай-ақ осындай шектеулер өз тиімділігін дәлелдеп үлгерген басқа елдердің тәжірибесіне негізделгенін айтты.
Әлеуметтік медиа платформалары жасты тексеру және ата-ананың келісімі бойынша арнайы механизмдерді енгізуі керек деп күтіліп отыр. Ал талаптарды бұзған компаниялар айыппұл төлейді.
Ақпарат көзі: turkystan.kz.
Сурет: Нұрболат Нұржаубай