Солтүстік Корея туризм үшін шекарасын тағы жапты

КХДР Covid-19 вирусының таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың басында шекараларын жапты, содан кейін Қытайдан азаматтарының заңсыз кіруіне жол бермеу үшін солтүстік шекарасы бойындағы қорғанысты күшейтті.
Содан бері Солтүстік Корея Ресей мен Қытайдың қолдауына сүйеніп, әлем елдерінің көп бөлігінен оқшауланып қалды.
Ақпан айында Батыстың бірнеше туроператорлары Солтүстік Корея тарапынан рұқсат алғаннан кейін КХДР солтүстік-шығысындағы Расон қаласына саяхатшылардың аздаған санын жібергенін хабарлады.
Бірақ сәрсенбіде кейбір туристік компаниялар бұл сапарлар түсініксіз себептермен тоқтатылғанын мәлімдеді.
— Серіктестер бізге Расонға турлар тоқтатылғанын хабарлады, — делінген Young Pioneer Tours туристік агенттігінің сайтындағы хабарламада.
Koryo Tours туристік агенттігі «Расон уақытша жабылғанын», ал оның Бейжіңде орналасқан бас менеджері Саймон Кокерелл AFP агенттігіне Солтүстік Кореядағы туристер «сапарын жоспарланғандай аяқтайтынын» айтты.
Испанияның KTG туристік агенттігінің турлар үйлестірушісі Райко Вега да AFP агенттігіне КХДР-ға турлардың тоқтатылғанын растап: «Біз оның себебін және оның қанша уақытқа созылатынын білмейміз», — деп қосты.
Солтүстік Корея бірнеше халықаралық сауда және ресми делегацияларды қабылдады, ал өткен жылы пандемиядан кейін алғаш рет ресейлік туристерге елге кіруге рұқсат берді.
Қытай және Ресей шекараларына жақын орналасқан Расон 1991 жылы Солтүстік Кореяның өзінің визалық режимі бар алғашқы арнайы экономикалық аймағы болды.
Бұған дейін Оңтүстік Корея жоғары технология мамандарына «жоғары деңгейлі виза» енгізетінін жазған болатынбыз.
Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: kaz.inform.kz