Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің күні белгіленді

Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің күні белгіленді

Украина президенті Владимир Зеленский Киев пен Вашингтонның Ресеймен ішінара атысты тоқтату туралы келіссөздер өткізетінін растады. Оның айтуынша, кездесу 24 наурызда Сауд Арабиясында өтеді. Бұл туралы ол Ослода Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогтың айтуынша, келіссөздер “жақындық қағидаты” бойынша өтеді. Яғни, Украина мен Ресей өкілдері екі бөлек бөлмеде отырады, ал америкалық делегация олардың арасында жүріп, әр тараппен жеке сөйлеседі.

ABC News-ке берген сұхбатында Келлог АҚШ делегациясының құрамында мемлекеттік хатшы Рубио мен саясатты жоспарлау жөніндегі директор Майкл Антон болатынын айтты.

    Келіссөздер қонақүйде өтеді. Бір топ бір бөлмеде, екіншісі басқа бөлмеде отырады. Олар сөйлесіп, өз ойларын айтады, ал америкалық делегация олардың арасында жүріп, ақпарат алмастырады. Осылайша, біз екі тараптың нақты ұстанымын анықтаймыз, – деді Келлог.

Оның айтуынша, алдымен АҚШ өкілдері Украина делегациясымен кездеседі, содан кейін Ресей жағының пікірін тыңдайды. Зеленский бұл кездесуде ең алдымен энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау жөніндегі атысты тоқтату мәселесі талқыланатынын атап өтті.

Ал Ресей тарапы Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қайта қалпына келтіруді талқыламақ. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.

Ол сондай-ақ 24 наурызда Эр-Риядта Ресей мен АҚШ өкілдерінің кездесетіні расталғанын айтты. Ресей делегациясын Федерация Кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Григорий Карасин мен ФСБ директорының кеңесшісі Сергей Беседа басқарады.

Фото: baq.kz
21 наурыз 2025 ж. 39 0