Үндістан Пәкістанға су беруді шектемек
Үндістан Пәкістанға су беруді шектеу жөнінде шешім қабылдап, Ченаб өзеніндегі Баглихар бөгеті арқылы су өткізуін тоқтатты. Бұл туралы BAQ.KZ PTI агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Сонымен қатар, Үндістан Джелам өзеніндегі Кишанганга бөгетінде де осындай шара қолдануды жоспарлап отыр. Осы бөгеттердегі гидроэлектростанциялар Нью-Делиге суды ағызып жіберу уақытын өз еркімен реттеуге мүмкіндік береді. Аталған су нысандары Үндістан мен Пәкістан арасындағы ұзақ уақытқа созылған келіспеушіліктердің себебіне айналды.
Пәкістан бұған дейін Баглихар бөгеті бойынша Дүниежүзілік банк арбитражына жүгінген, ал Кишанганга бөгеті Нилум өзеніндегі су деңгейіне ықпал етуі мүмкін болғандықтан халықаралық бақылауға алынған.
Екі ел арасында 1960 жылы қол қойылған Үнді сулары туралы келісім бар. Бұл құжат бойынша, Пәкістан Индустың басты ағысы мен оның салалары Ченаб пен Джеламды бақылауға алса, Үндістан осы өзендердің суын шектеулі мақсаттарда — егістік жерлерді суару және тұрмыстық қажеттіліктер үшін ғана пайдалана алады. Ал Үндістан өз кезегінде Беас, Рави және Сатледж өзендерін толық бақылауға алған. Аталған бөгеттер мен шешімдер екі ел арасындағы шиеленісті күшейтуі мүмкін.
Фото: baq.kz