Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үндістан мен Пәкістан арасындағы ахуал ушығып тұр

Үндістан мен Пәкістан арасындағы ахуал ушығып тұр

Сейсенбі күні Пахалгам қаласында 26 турист қаза тауып, Үндістан бұл шабуылға Пәкістанды айыптады. Осы оқиғадан кейін қос мемлекет арасындағы жағдай күрт шиеленісіп, дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар тоқтатылып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Үнді тарапы әуе қатынасы мен сауданы доғарып, дипломаттарды елден шығарып жатыр. Сонымен қатар, су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі 1960 жылы жасалған келісімнен шығатынын мәлімдеді. Ал Пәкістан үкіметі егер Үндістан су жеткізуді тоқтатуға тырысса, бұл әрекетті соғыс жариялау деп қабылдайтынын ескертіп отыр.

Үндістан полициясы оқиғаға қатысы бар деп күдікке ілінген үш содырдың аты-жөнін жариялады. Олардың екеуі пәкістандық азаматтар екені хабарланды.

Пәкістанның бұрынғы ақпарат министрінің міндетін атқарушы Муртаза Соланги соңғы жағдайға байланысты пікір білдіріп, ахуалдың аса күрделеніп бара жатқанын атап өтті.

«Бұл жолы жағдай әлдеқайда қатерлі кезеңге өтіп отыр. Халықаралық тәртіптің бұзылуы мен үнділік ақпарат құралдарындағы үрей Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің сабырлы әрі салмақты шешім қабылдауына кедергі келтіріп тұр. Егер Үндістан бұл ессіздікті тоқтатпаса, екі тарап та ұтылады», дейді Муртаза Соланги.

Сәрсенбі күні кешке Үндістан Пәкістанмен дипломатиялық қарым-қатынастың деңгейін төмендетіп, елшіліктердегі қызметкерлер санын екі есеге қысқартты. Сонымен қатар, екі ел арасындағы жалғыз құрлық шекара өткелі жабылып, Инд өзені бойынша жасалған келісімнің күші уақытша тоқтатылды. Оңтүстік Азия аймақтық ынтымақтастығы қауымдастығы аясында пәкістандықтарға берілген визалар үш күн ішінде жойылмақ.

Бейсенбі күні Пәкістан үкіметі де бірқатар жауапты шараларды қолға алды. Атап айтқанда, Үндістан азаматтарына арналған визалар беруді тоқтатты сикх зияратшыларынан басқа, үнділік әскери кеңесшілерді «билікке ұнамсыз» деп танып, елден шығуға нұсқау берді.

Сонымен қатар, Пәкістан әуе кеңістігін Үндістанға тиесілі немесе сол ел тарапынан басқарылатын барлық әуе компаниялары үшін жапты. Вагах шекара бекеті мен екі ел арасындағы барлық сауда, соның ішінде транзиттік тасымал да тоқтатылды.

Пәкістан тарапы Инд өзені арқылы су жеткізуді тоқтатуға бағытталған кез келген әрекетке «соғыс актысы» ретінде қарайтынын және оған тиісті түрде жауап беретінін мәлімдеді.

Пәкістан үкіметі таратқан мәлімдемеде бұл шабуылға байланысты нақты әрі расталған тергеу нәтижелерінің жоқтығы айтылып, Үндістанның шабуылды Пәкістанмен байланыстыру әрекеттері «ойсыз, қисынсыз және логикаға қарсы» деп бағаланды.

Фото: egemen.kz
25 сәуір 2025 ж. 92 0