Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Apple iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға толығымен көшіреді

Apple iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға толығымен көшіреді

Apple компаниясы алдағы жылдары iPhone смартфондарының өндірісін толығымен Үндістанға көшіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үндістанның телекоммуникация министрі Джотирадитя Шинде Нью-Делиде өткен конференция барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің айтуынша, Apple Үндістанда барлық ұялы телефондарын шығаруға және сатуға шешім қабылдаған.

    Үндістанға инвестиция салған кезде сіз қолжетімділікке, сенімділікке және өзіндік ерекшелікке ие боласыз, – деді ол.

Соңғы он жыл ішінде Үндістандағы ұялы телефон өндірісі айтарлықтай өсті: 2014 жылы 6 миллион құрылғы шығарылса, бүгінде бұл көрсеткіш жылына 330 миллион бірлікке жеткен. Сарапшылардың пікірінше, өндірістің Үндістанға көшуі – Apple үшін экономикалық тұрғыдан тиімді шешім.

Бұған дейін сауда баждарының өсуі мен геосаяси шиеленістерге байланысты Apple Қытайдан балама өндірістік базаларды іздей бастаған болатын. Reuters агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың наурыз айында компания АҚШ-қа Үндістаннан шамамен 2 миллиард долларға 1,5 миллион iPhone экспорттаған. Қазір Apple смартфондарын Үндістандағы Foxconn және Pegatron зауыттарында шығарып жатыр.

Ақпарат көзі: baq.kz
07 мамыр 2025 ж. 195 0