Нигерияда су тасқыны 151 адамның өмірін қиды

Бұл туралы штаттың Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі мемлекеттік агенттігі (SEMA) мәлімдеді.
Агенттік директоры Ибрагим Хуссейннің айтуынша, Мокова ауданында күшті жауын-шашын салдарынан болған су тасқыны нәтижесінде 3 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Салдарынан 11 адам жарақат алған, ал жүздеген тұрғын үйді су басқан.
Нигерия Президенті Бола Ахмед Тинубу зардап шеккен аймақтарда құтқару және гуманитарлық көмекті күшейтуді тапсырды. Ол бұл міндетті Ұлттық төтенше жағдайлар жөніндегі агенттікке (NEMA) және құқық қорғау органдарына жүктеді.
Тропиктік климат белдеуінде орналасқан Нигерияда жиі нөсер жауады. Ал бұл көрсеткіш елдің әр өңірінде әрқалай болуы мүмкін. Бұған дейін елдің су ресурстары министрлігі бірнеше аймақта нөсер жауын мен су тасқыны қаупі бар екенін ескерткен.
Былтыр да қолайсыз ауа райы салдарынан 1 235 адам көз жұмып, 1,2 миллионнан астам тұрғын үй-жайын тастап кетті.
Фото: baq.kz