Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Иранның зымырандық шабуылынан зардап шеккендер саны 63 адамға жетті

Иранның зымырандық шабуылынан зардап шеккендер саны 63 адамға жетті

Иранның Израильге бағыттаған зымырандық шабуылы салдарынан зардап шеккендердің саны 63 адамға жетті. Бұл туралы Израильдің Ynet порталы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басылым мәліметінше, Ираннан ұшырылған зымырандардың бірі елдің орталық бөлігіне түскен, салдарынан түрлі жарақат алған 63 адам медициналық көмекке жүгінді. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Бұл оқиға 13 маусым күні Израильдің Иран аумағына жасаған алдын ала әскери соққысынан кейін орын алды. Төтенше жағдай жариялаған Израиль билігі Иранның ядролық инфрақұрылымына соққы беруді операцияның басты мақсаты деп атады. Бұл туралы премьер-министр Беньямин Нетаньяху ресми мәлімдеме жасады.

Иран тарапы бұл шабуылды халықаралық құқық нормаларын бұзу деп бағалап, жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Ел президенті Масуд Пезешкиан Израиль "тиісті жауап" алатынын айтты. Ал Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи халыққа Жолдауында Иран армиясы бар күшін салып, Израильдің шабуылдарына жауап қайтаратынын мәлімдеді.

Жауап шабуылдарынан кейін Израильде 300-ге жуық адам қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. Ел аумағында қорғаныс шаралары күшейтіліп, әуе шабуылына қарсы жүйелер толықтай іске қосылған.

Халықаралық қауымдастық екі елді сабырға шақырып отыр. БҰҰ мен бірқатар державалар жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, әскери әрекеттерді тоқтатуға үндеді.

Фото: baq.kz
14 маусым 2025 ж. 45 0