Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Иран-Израиль қақтығысы шиеленісіп тұр

Иран-Израиль қақтығысы шиеленісіп тұр

Таяу Шығыстағы ахуал тағы да ушығып тұр. Иран елі Израильді ұшқышсыз әуе аппараттарымен шабуылдап жатыр. Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Иран Төңкеріс сарбаздары армиясының шабуыл туралы мәлімдемесінде Израильдің Дамаскідегі Иран консулдығына 1 сәуір күнгі шабуылына қарсы жауап ретінде Иранның Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысының 51-бабына сәйкес өзін-өзі қорғау құқығы аясында Израиль басқыншылығындағы аумақтарда әскери нысандарға операция бастағаны атап көрсетілген.

Мәлімдемеде: «Иран өз құқығын қамтамасыз ету және шабуылдау­шыны жазалау мақсатында сио­нистік лаңкестік армияның басып алған жерлердегі маңызды әскери нысандарына шабуыл жасап, оның стратегиялық барлау пункттерін, зымырандар мен пилотсыз әуе кө­ліктерін жойды», деген жолдар бар.

Төңкеріс сарбаздары армиясы АҚШ немесе Израиль атынан кез келген елден келетін қауіп көзіне жауап қайтарылатынын, Иранның заңды мүдделерін түрлі шабуыл және заңсыз күш қолданысына қарсы қорғайтынын ашық білдірді.

IRNA ресми ақпарат агенттігі Төңкеріс сарбаздары армиясының Израильге баллистикалық зымы­ранмен шабуыл жасағанын мә­лім­деген еді. Ал израильдік лауа­­зым иелері болса, Иранның Из­раиль­ге баллистикалық зымы­ран ұшыр­­ға­нын білдіретін ешқан­дай белгі жоқ екенін айтып отыр. Израиль ар­мия­сы елдің оңтүс­ті­гінде әскери бір ба­заға шағын зақым келгенін және адам шығыны болмағанын хабарлады. Армия: «Ираннан Израильге 200-ден астам ұшқышсыз әуе көлігі ұшырылды. Қауіптердің көпшілігі Израильдің әуе кеңістігінен тыс жерде, Сирия және Иордания аумағында ұстал­ды», деп мәлімдеді.

Премьер-министр Беньямин Нетаньяху бас болып, Тель-Авивке шұғыл жиналған соғыс кабинеті Ираннан жасалған ұшқышсыз әуе көлігі шабуылының жай-жапсарын талқылады. Елдің қауіпсіздік ка­би­неті Иранның шабуылына тойтарыс беру үшін соғыс кабинетіне жауапкершілік жүктеді.

Иран-Израиль қақтығысы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Онсыз да басылмай келе жатқан Израиль-Палестина дауына қосымша тағы бір соғыс ошағы пайда бола ма деген қауіп зор.

Бұған дейін Иран Израильге қарай ұшқышсыз ұшақтарын ұшы­рып, Тегеран үстіндегі әуе кеңіс­тігін жауып тастаған бола­тын. Израиль 1 сәуірде Дамаскідегі Иран консулдығына жасап, салдары­нан Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының бірнеше қолбасшысы, оның ішінде екі генерал қаза тапқан еді.

Еуропалық одақтың Сыртқы іс­­тер және қауіпсіздік саясаты жө­­­нін­­дегі Жоғарғы өкілі Жозеп Бор­рель Таяу Шығыстағы жағдайға қа­­тыс­ты қысқаша мәлімдеме жаса­ды. «Еуропалық одақ Иранның Из­­раиль­ге қарсы шабуылын қатаң айып­­тайды. Бұл – бұрын-соңды бол­­ма­­ған эскалация және аймақ­тық қа­уіп­­­сіздікке елеулі қатер», деп жаз­ды еуро­палық дипломатия­ның басшы­сы.

Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель де Иранның Из­раиль­­ге шабуылын қатаң айыптады. «Аймақтық шиеленістің одан әрі өршуіне жол бермеу үшін бар­лығын жасау қажет. Бұдан әрі қан­төгіске жол бермеуіміз керек. Біз әріп­тестерімізбен бірге жағдайды жіті бақылауды жалғастырамыз», деді Ш.Мишель.

Мұндай айыптауларды әлемнің Ұлыбритания, Франция сынды бе­делді елдерінің сыртқы істер ведомстволары да білдіріп жатыр. Әзірге Израиль, Иран, Иордания, Ливан және Ирактың әуе кеңістігі уақытша жабылды.

Иран мен Израиль қақтығысы­на орай елімізде «қазақстандық бі­тім­­герлерге қауіп бар ма?» деген сұ­рақ туындаған рас. Осыған орай Қа­зақстан Республикасы Қорғаныс ми­нистрлігі Голан жоталарында­ғы қазақ­стандық бітімгерлер туралы рес­ми мәлімдеме жасады. Қор­­ға­ныс министрлігінің ресми өкілі Рус­лан Жангулиннің мәлім­деуінше, Го­лан жоталарында БҰҰ бітімгерлік мис­сиясын орындап жатқан қазақ­стан­дық контингент қалыпты ре­жімде жұ­­мысын жал­ғастырып жатыр. «Же­­ке құрам­ның өмірі мен ден­сау­лы­­­ғы­на ешқан­дай қауіп жоқ», деді Қор­ғаныс ми­нистрлігінің ресми өкілі.

egemen.kz
Фото: egemen.kz
15 сәуір 2024 ж. 607 0