Париждегі Сена өзенінде 100 жылдан кейін алғаш рет шомылуға рұқсат берілді

Сенада шомылуға 1923 жылдан бері тыйым салынған болатын. Бұған өзеннің ластануы мен кеме қалдықтарының жиналуы себеп болған. Алайда Франция үкіметі 2024 жылғы Олимпиада ойындары қарсаңында өзенді тазарту үшін 1,4 миллиард еуро бөлген.
Шомылуға арналған үш арнайы аймақ сенбі күні ашылды. Олардың бірі әйгілі Эйфель мұнарасының маңында орналасқан. Бұл аумақтар киім ауыстыратын бөлмелермен, душтармен және жағажай жабдықтарымен толықтай қамтылған. Бір мезетте 150-300 адамға дейін қабылдай алады. Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар үнемі кезекшілік атқарады.
Париж мэрі Анн Идальго бұл бастаманы “көптеген адамдардың балалық арманын орындаған сәт” деп атады.
Сена бұрын кәріз ретінде қабылданатын. Қазір ол таза әрі қауіпсіз. Бұл Париждің басты өзгерісі, – деп атап өтті Париж мэрі.
Сена өзенінде 5 шілдеден 31 тамызға дейін шомылуға рұқсат берілген. Алайда судың сапасы үнемі бақылауда болады, егер ол белгіленген стандарттардан төмен түссе, шомылуға уақытша тыйым салынады.
Фото: baq.kz