Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 130-ға жуықтады

166 адам әлі із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Тек апаттан ең көп зардап шеккен Керр округінің өзінде 103 адамның қаза тапқаны расталған, олардың 36-сы — балалар.
Сонымен қатар, метеорологиялық қызмет 13 шілде кешіне дейін жаңбыр жауып, жаңа су тасқындарының қаупі бар екенін ескертіп отыр.
11 шілде күні The Washington Post газеті Керр округінің билігі апат сәтінде қашықтыққа әсер ете алатын апат туралы ескерту жүйесін іске қоспағанын жазды. Бұл жүйе ұялы телефондарды дірілдетіп, қатты дыбыспен сигнал беруге тиіс еді. Оның орнына тек арнайы тіркелген азаматтарға SMS-хабарламалар ғана жолданған.
Жалпы, Техастағы апат ауқымына байланысты жергілікті билікке айтылып жатқан сын күшейіп келеді. Сонымен бірге, АҚШ-тың федералдық билігі де ауа райын болжау және табиғи апаттардан қорғау саласына жауап беретін Ұлттық мұхиттық және атмосфералық зерттеулер басқармасына (NOAA) бөлінетін қаржы мен қызметкерлер санын қысқартқаны үшін сынға ұшырауда.
Алайда, 11 шілде күні апат аймағына барған АҚШ Президенті Дональд Трамп өз әкімшілігіне айтылған барлық айыптауларды жоққа шығарды.
Су тасқынына қатты жауған жаңбыр себеп болды – кейбір жерлерде жауын-шашын мөлшері шаршы метрге 300 литрге дейін жетіп, бұл Керр округіндегі жылдық орташа жауын-шашынның үштен бір бөлігін құрады. AFP агенттігінің хабарлауынша, 4 шілдеге қараған түні Гуадалупе өзенінің деңгейі небәрі 45 минутта 8 метрге көтерілген. Бұл кезде Тәуелсіздік күніне арналған мерекеге орай өзен маңында көптеген адамдар демалып жатқан.
Фото: baq.kz