Гонконгта төтенше жағдай жарияланып, әуе рейстері тоқтады

Гонконг билігі "Випха" тропикалық циклонының жақындауына байланысты ең жоғарғы — №10 деңгейдегі қауіп дабылын жариялады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Гонконг обсерваториясының мәліметінше, 20 шілде күні сағат 9:20-да дауылдың қалаға 50 шақырым қашықтықта, сағатына 118 км жылдамдықпен жақындап келе жатқаны тіркелген. Метеоқызмет бұл қауіп деңгейі әзірге сақталатынын мәлімдеді. Айта кетейік, №10 дабыл Гонконгта соңғы рет 2023 жылдың қыркүйегінде, "Саола" тайфуны кезінде жарияланған болатын.
Әуе рейстері тоқтатылды
Cathay Pacific Airways әуе компаниясы 20 шілде күні сағат 05:00 мен 18:00 аралығындағы барлық ұшу және келу рейстерінің кейінге шегерілгенін немесе мүлде тоқтатылғанын хабарлады. Компания зардап шеккен жолаушыларға баламалы рейстер ұсынатынын мәлімдеді.
Гонконг халықаралық әуежайының әкімшілігі де тайфун әуежай жұмысына елеулі әсер ететінін айтып, жедел әрекет ету орталығының іске қосылғанын жариялады. Ал Білім беру бюросы жексенбіге жоспарланған арнайы сабақтар мен мектепішілік іс-шараларды толықтай тоқтатты.
Тайфунның аймаққа әсері
Макао билігі де жергілікті уақытпен 12:30-да қауіп дабылын №10 деңгейіне дейін көтерді. Қаладағы Venetian, Parisian, Londoner және Four Seasons сынды ірі қонақ үйлер әдеттегі жұмыс режимін сақтап отыр.
Тайфунның салдары тек Гонконгпен шектелмей, аймақ елдеріне де әсер етті:
Вьетнамда Халонг шығанағында 19 шілде күні дауылды ауа райы кезінде қайық аударылып, 38 адам қаза тапты.
Елдің солтүстігіндегі Куангнинь мен Тханьхоа провинцияларына соққы болатыны болжанған соң, ондаған рейс тоқтатылып немесе басқа бағытқа жіберілді.
Филиппин билігі негізгі арал — Лусонда жауын-шашын 22 шілдеге дейін жалғасатынын ескертті. Қазіргі мәлімет бойынша, 3 адам қаза тауып, 3 адам із-түзсіз жоғалған, ал 370 мыңнан астам тұрғын зардап шеккен.
Қаржы нарығына әсері
2023 жылы Гонконг қор биржасы №8 және одан жоғары деңгейдегі дауыл дабылы кезінде сауда-саттықты тоқтату дәстүрінен бас тартқан болатын. Бұл шешім пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеудің мүмкіндіктері артып, биржа қызметін тоқтатпай жүргізуге болатыны дәлелденген соң қабылданған еді.
Гонконгтағы №10 дауыл сигналы — өте сирек және аса қауіпті метеожағдайларды білдіреді. Бұл жағдайда тұрғындарға үйден шықпау, терезелерді бекіту, су, жарық және дәрі-дәрмек қорын әзірлеу ұсынылады.
Фото: baq.kz