Туристерден шаршаған Барселона круиздік бағыттарды қысқартады

2030 жылға дейін қаладағы круиздік терминалдар саны жетеуден бесеуге дейін қысқарады. Бұл шара туристер ағынын реттеп, танымал туристік бағыт саналатын Барселонаның жүктемесін азайтуға бағытталған.
Қала мэриясы мен Барселона портының әкімшілігі арасында қол қойылған келісімге сәйкес, Adossat жағалауындағы А, B және C терминалдары толықтай сүріліп тасталады.
Олардың орнына 2028 жылға қарай жаңа "C" терминалы салынады. Ол бір мезетте 7 мыңға дейін жолаушыны қабылдай алады — бұл бұрынғы үш терминалдың бірлескен өткізу қабілетінен (12 800 жолаушы) едәуір аз.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі 185 миллион еуроны құрайды. Бұл сома 2018 жылғы келісім аясында бөлінген 265 миллион еуроны толықтырады.
Нәтижесінде порттағы жолаушылардың ең көп шоғырлану көрсеткіші 37 мыңнан 31 мың адамға дейін төмендейді. Дегенмен, испан билігі бұл шектеу тек инфрақұрылымдық сипатта екенін, туристер ағынын автоматты түрде қысқартпайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, 2018 жылдан бері Барселонаға келетін круиздік туристер саны 20%-ға артқан. Мұндай өсім қаланың инфрақұрылымына қысым түсіріп, жергілікті тұрғындардың наразылығын жиілетуде.
Қала мэрі Жауме Колбонидің айтуынша, жаңа жоспардың әсері біртіндеп байқалмақ және оның табысты жүзеге асуы круиздік компаниялармен әріптестікке тікелей байланысты. Инфрақұрылымға қойылатын шектеулер — тек алғашқы қадам. Одан кейін туристік ағымды нақты бақылауға алу үшін қосымша келіссөздер жүргізілуі қажет.
Фото: baq.kz