Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Германияда баласы жоқ азаматтар үшін сақтандыру жарнасы қымбаттады

Германияда баласы жоқ азаматтар үшін сақтандыру жарнасы қымбаттады

Германияда 2025 жылдың қаңтарынан бастап бала тәрбиелемейтін азаматтар үшін әлеуметтік сақтандыру жарнасы өскен. Бұл өзгеріс Pflegeversicherung – қарттар мен науқастарға күтім жасауға арналған міндетті мемлекеттік сақтандыру жүйесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Жаңа тәртіп бойынша, барлық сақтандырылған азаматтар жалпы табысының 3,6%-ын осы жүйеге аударады. Алайда, егер адамның баласы болмаса, оған қосымша 0,6% мөлшеріндегі алым (Kinderlosenzuschlag) қосылады. Яғни, барлығы 4,2% жарна төленеді. Айта кетерлігі, бұл қосымша алымды тек қызметкердің өзі төлейді, жұмыс беруші тарапынан өтемақы қарастырылмаған.

Жарна мөлшері баланың болуына тікелей байланысты. Бір баласы бар ата-аналар 3,6% мөлшерінде төлейді. Екі немесе одан көп баласы барлар үшін жеңілдік шкаласы қарастырылған – баланың саны артқан сайын жарна көлемі азаяды. Алайда жеңілдік тек бала 25 жасқа толғанға дейін ғана сақталады.

Заң бойынша тек 23 жасқа толмағандар, 1940 жылға дейін туғандар және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алушылар қосымша алымнан босатылады. Медициналық себептермен бала сүйе алмағандар үшін жеңілдік қарастырылмаған.

Бұл өзгеріс Германия қоғамында қызу пікірталас тудырды. Бір тарап мұны әділетті әлеуметтік шара десе, екінші тарап бұл норманы баласыз азаматтарды кемсіту деп бағалауда.

Фото: baq.kz
28 шілде 2025 ж. 42 0