Өзбекстанда науқастың асқазанынан 200 грамм шеге шықты
Самарқанд қаласында дәрігерлер науқастың асқазанынан 200 грамм шеге мен бұранданы алып тастады. Бұл туралы Республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығының өңірлік филиалы хабарлады. 29 жастағы А.Е. ауруханаға іштің қатты ауырсынуымен жеткізілген. Жедел жәрдем бөлімінде жүргізілген диагностика мен зертханалық зерттеулерге сәйкес, науқастың асқазан-ішек жолында көп мөлшерде бөгде заттар, шеге мен бұрандалар болған.
Науқасқа шұғыл лапаротомия және гастростомия отасы жасалды, іш қуысынан шамамен 200 грамм шеге мен бұранда алынды. Ота бір сағатқа созылды.
Ер адам қатты күйзеліс кезінде өз әрекеттерін басқара алмай, металл заттарды жұтып қойған. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық және ол еркін қозғалады.










