Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Индонезияда жанартау оянды

Индонезияда жанартау оянды

Индонезияның Шығыс Ява провинциясында орналасқан Семеру жанартауы 30 қаңтар таңында үш рет атқылады. Соның салдарынан аспанға биіктігі 1 шақырымға дейін жететін күл бағандары көтерілген, деп хабарлайды BAQ.KZ БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл мәліметті индонезиялық Detik News жаңалық порталы таратқан.

Алғашқы атқылау жергілікті уақыт бойынша шамамен 04:44-те тіркеліп, күл бағаны жанартаудың шыңынан 800 метрге жуық биіктікке көтерілген. Екінші рет жанартау 05:16-да атқылап, күл бұлтының биіктігі 900 метр шамасында болған. Таңғы ең қуатты атқылау 05:52-де байқалған: сол сәтте күл шыңнан шамамен 1 шақырым биікке көтеріліп, теңіз деңгейінен 4,7 шақырымға дейін жеткен.

Бақылаушылардың дерегінше, күл бұлттары өте қарқынды болып, негізінен шығыс бағытқа қарай жылжыған.

Қазір Семеру жанартауына қауіптің III деңгейі берілген. Билік тұрғындарды кратерге 5 шақырымнан жақын бармауға, сондай-ақ лава, ыстық бұлт және лай көшкіні жүру қаупі сақталып тұрғандықтан, өзен арналары бойындағы аумақтардан аулақ жүруге шақырды.

Семеру – Индонезиядағы Ява аралындағы ең биік белсенді жанартау (3676 м). Ол жоғары белсенділігімен, жиі атқылауымен танымал. Жанартау Бромо–Тенггер–Семеру ұлттық паркінің аумағына кіреді және Тынық мұхитының Отты белдеуінің бір бөлігі саналады.

Фото: baq.kz
31 қаңтар 2026 ж. 49 0